Сутек технологиясына негізделген алғашқы металлургия зауыты салынып жатыр

0 50

Облыстағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында Қытайдың «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd.» компаниясы толық өндірістік циклді металлургия зауытының құрылысын бастады. Қазір құрылыс алаңы дайындалып, инфрақұрылым (теміржол, электр, газ) толық тартылған.

Құрылыс кезінде 1,5 мыңға жуық уақытша, ал зауыт іске қосылған соң 2,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Жұмыс күшінің 90 пайызы жергілікті тұрғындар болмақ. Жобаның құны — 756 миллион доллар. Зауыт жылына 3 миллион тонна өнім өндіруге қауқарлы және сутек технологиясын қолданатын еліміздегі алғашқы кешен болады.

Жоба ішкі нарықты болатпен қамтып, өнімін Орталық Азия, Украина және Еуропаға экспорттауды көздейді. Сондай-ақ логистика, кен игеру, тамақтану және туризм салаларына да серпін береді. Инвестор Шу қаласында әлеуметтік нысандар (тұрғын үй, балабақша, саябақ) салып, инфрақұрылымды жақсартуға ниетті.

«Fujian Hengwang» – Қытайда жылына 23 миллион тонна болат өндіретін ірі холдинг. Қазақстандағы еншілесі – «Yonggang Central Asia Iron and Steel» ЖШС арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы. Сәуірде Премьер-Министр Олжас Бектенов аталған жобамен танысқан болатын.