Ел қорғаушыларының алғашқы баспалдағы

0 11

Әскери қызмет – Отан алдындағы қасиетті борыш. Қазіргі таңда еліміздің жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін әскери кафедралар осы борышты сапалы атқаруға бағытталған кәсіби білім мен тәрбиенің өзегіне айналды. Мұнда студенттер тек әскери теорияны меңгеріп қана қоймай, патриоттық рухты бойына сіңіріп, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиеленеді.

Қазақстан Республикасының әскери доктринасына сәйкес, әскери білім беру жүйесі елдің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған. Осы бағытта оқу орындарындағы әскери кафедралар маңызды рөл атқарады. Олар болашақ офицерлерді кәсіби тұрғыдан даярлап, әскерге қажетті кадрлармен қамтамасыз етеді. Жастар мұнда теориялық біліммен қатар әскери техниканы қолдану, тактикалық даярлық, көшбасшылық қасиеттерді дамыту секілді маңызды машықтарды игереді.

Бүгінде заманауи соғыс жағдайында әуе кеңістігін қорғау – мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты бағыттардың бірі болып саналады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс саласында білім алып жатқан курсанттар радиолокациялық жүйелермен жұмыс істеуді, әуе нысаналарын анықтауды және оларға қарсы қорғаныс шараларын жүргізуді үйренеді. Бұл бағыттағы оқу үдерісі арнайы симуляциялық құрылғылармен жабдықталған, студенттер түрлі жағдайларда шешім қабылдауға бейімделеді.

123-взводтың студенті Иманғали Ұланұлы әскери кафедрада білім алудың артықшылығын ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, бұл ортада тек техникалық дағдылар емес, тәртіп, жауапкершілік пен патриоттық сезім қалыптасады. Ұстаздардың тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі болашақ әскери мамандардың тұлғалық дамуына ықпал етеді.

– Әскери кафедрадағы оқу маған болашақта ел қорғанысына өз үлесімді қосу үшін қажетті білім мен тәжірибе береді. Бізге дәріс беріп жүрген ұстаздар – өз саласының нағыз майталмандары. Запастағы полковник Қанатбай Әлиев, подполковниктер Сүлеймен Ерімбетов пен Николай Литвяк сынды мамандардан білім алу – мен үшін үлкен мүмкіндік. Әсіресе, Қанатбай ағайдың тәжірибесі мен әскери тактиканы терең меңгергені бізге нақты бағыт береді. Олардың үйреткені тек оқу емес, өмірлік сабақ, – дейді курсант Иманғали Ұланұлы.

Ұстаздардың тәжірибесі мен кәсіби тәлімі курсанттарға әскери өмірдің нақты келбетін көрсетуге жол ашады. Әскери кафедрада өтіп жатқан әрбір сабақ студенттерге өзін болашақ офицер ретінде сезінуге, жауапкершілікті терең ұғынуға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, әскери кафедра – болашақ офицерлердің кәсіби және рухани тұрғыда шыңдалатын орны. Мұнда алған білім мен тәрбие – тек әскери дайындық қана емес, азаматтық жауапкершілік пен ұлттық рухты қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Еліміздің қауіпсіздігіне үлес қосар болашақ сарбаздар осы орындардан түлеп ұшатыны анық. Демек, әскери кафедрада оқу – ертеңгі ел қорғаушыларының алғашқы баспалдағы.