Алғашқы жарна – тұрғын үй сертификаттары

0 17

«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысында өңір тұрғындарын баспанамен қамту жайы кеңінен талқыланды. Әсіресе, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға үй беру мәселесі күн тәртібіне қойылды.

Жиынға «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уәлихан Болатбек пен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова қатысып, әлеуметтік жағынан осал топтарға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдаулар барысы жөнінде баяндама жасады.

Аймақтық кеңес төрағасы Сембек Сейдәзімовтің мәліметінше, кеңес 2022 жылдан бері 14 мәрте отырыс өткізіп, күн тәртібінде 27 өзекті мәселені көтерген. Осы уақыт аралығында тиісті мемлекеттік органдарға 120-дан астам ұсыныс жолданып, біразы оң шешімін тапқан.

Қазіргі таңда Тараз қаласы бойынша баспана алу кезегінде 22 902 азамат тіркелген. Оның ішінде 2 055-і – кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, 29 жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Бұдан бөлек, әлеуметтік жағынан қорғалатын топтарға жататын 9575 адам бар. Оның 6577-сі – мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері мен әскери қызметшілер. Сонымен қатар, облыста «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» және «Ана даңқы» ордендерінің иегері саналатын 4 695 көпбалалы ана тіркелген.

2024 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан 285 арендалық пәтер берілген. Оның ішінде 56 пәтер жетім және қамқорлықсыз қалған балаларға, 78 пәтер мемлекеттік қызметшілер мен әскерилерге, 38 пәтер көпбалалы отбасыларға, 113 пәтер әлеуметтік осал топтарға үлестірілген.

Ал, биылғы көрсеткіштерге келсек, жыл басынан бері 178 пәтер берілген. Оның 36-сы жетім және қамқорсыз қалған жастарға, тағы 36-сы көпбалалы отбасыларға, 106-сы әлеуметтік осал топқа тиесілі болған.

Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, тұрғын үй алу процесі 2024 жылдың 25 мамырынан бастап, «Отбасы банкінің» orken.otbasybank.kz электронды платформасы арқылы жүзеге асырылып келеді. Бұл қадам халықтың баспанаға қол жеткізу үдерісін айқын әрі ашық етуге бағытталған. Сондай-ақ қолжетімді ипотекалық бағдарламалар да өз тиімділігін көрсетуде. «Отбасы банк» тарапынан жүзеге асырылып жатқан «Жаңа Концепция» бағдарламасы аясында 2024 жылы – 813, ал 2025 жылы – 551 азамат баспаналы болған.

Айта кетерлік тағы бір жайт, облыстық мәслихаттың 2019 жылғы шешімімен бекітілген тұрғын үй бағдарламасы аясында азаматтарға алғашқы жарна ретінде 1 500 000 теңгеге дейін тұрғын үй сертификаттары ұсынылуда. Былтыр осы мақсатқа 300 миллион теңге бөлініп, 304 адамға 299,5 миллион теңгеге қолдау көрсетілген. Ал, 2025 жылы бұл сома 500 миллионға дейін ұлғайтылып отыр. Қазіргі уақытта 163 азамат жалпы сомасы 170,8 миллион теңгеге тұрғын үй сертификатына ие болған. Бұл көмекті мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелері, «Батыр ана» мен «Ана даңқы» ордендерінің иелері, толық емес отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар мен жетім балалар алған.

Отырыста қала әкімдігіне тұрғындар тарапынан сұранысқа ие бір бөлмелі пәтерлердің құрылысын көбейту ұсынылды. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұруын жеңілдету үшін қала инфрақұрылымында пандустар мен баспалдақтарға қатысты техникалық оңтайландырулар қарастырылмақ.

Кеңес қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, тиісті мекемелерге жолданды. Атқарушы органдар тарапынан көтерілген мәселелерге байланысты жауаптар беріліп, шешу жолдары талқыланды.

Баспана – әрбір азаматтың базалық құқығы. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар – мемлекеттің әлеуметтік әділеттілікке ұмтылуының бір көрінісі. Ал, осындай жүйелі жұмыстар арқылы қаншама отбасыға жаңа өмірге қадам басуға мүмкіндік беріліп отыр.