Ақ халатты абзал жандарға құрмет

0 13

Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Медицина қызметкері күніне орай мерекелік жиын өтті. Салтанатты шара барысында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров медицина саласының қызмтекерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың адам өмірін сақтау жолындағы жанқиярлдық еңбектеріне жоғары баға берді.

– Ақ халатты абзал жандардың еңбегі – ең қастерлі еңбек. Сіздердің әрбір сағаттарыңыз, әрбір шешімдеріңіз адам өмірін сақтап қалуға бағытталған. Сондықтан қоғамда сіздерге деген құрмет әрдайым биік болуы тиіс, – деді Нұржан Календеров.

Жиында өңірдің денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері сөз болып, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 28 нысанның құрылысы жүргізіліп, Меркі, Талас және Шу аудандарында ауданаралық көпбейінді орталық аурухана бой көтерілгендігі айтылды. Алдағы жылдары Байзақ, Жуалы және Қордай аудандарында жаңа аудандық ауруханалар салу, сондай-ақ Меркі, Талас, Шу аудандарындағы көпбейінді ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарланған. Бұған қоса, Тараз қаласында 400 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана мен жаңа жедел медициналық жәрдем стансасы салынбақ. Биыл денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 миллиард теңге бөлінген.

Мерекелік шара барысында денсаулық сақтау саласының 57 үздік қызметкері түрлі марапаттарға ие болды. Олардың қатарында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері, сондай-ақ облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі және Құрмет громатасы, Алғысхаттар салтанатты түрде табысталды.

Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.