Бірқалыпты оң динамика көрсетіп отыр

0 10

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Талас ауданының  әкімі Нұрбол Жүнісбеков баспасөз мәслихатына қатысып, ауданның 2025 жылдың қаңтар-сәуір  айларындағы даму көрсеткіштері жайлы хабарлама жасады.

– 2025 жылдың 4 айында ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бірқалыпты оң динамика көрсетіп отыр. Қазіргі таңда негізгі салалар бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Аудан экономикасын дамытуда өндіріс, ауылшаруашылығы, құрылыс, инвестиция, кәсіпкерлік және әлеуметтік сала бағыттарында бірқатар ілгерілеушілік байқалады.

Аудан бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 12,9 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,6 пайыз болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1 миллиард теңгеге артық. Айтарлықтай өсім өңдеу өнеркәсібінде байқалды – 8,5 миллиард теңге (111,2 пайыз).

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 11,3 миллиард теңгеге жетіп, 234,9 пайыз орындалды. Инвестицияның 85 пайызы жеке қаражат есебінен құралып, аудан экономикасына сенімділік білдіретін инвесторлар үлесінің жоғары екенін көрсетті.

Ірі инвестициялық жобалар – жаңа жұмыс орындарының негізі. Ауданда жалпы құны 31,2 миллиард теңгені құрайтын 4 ірі жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Talas Investment Company» ЖШС, «KARATAU CHEMICALS» ЖШС, «Asia NST» ЖШС және «Жамбыл Недр» ЖШС жобалары арқылы  450 адам жұмыспен қамтылатын болады. Бұл жобалар жергілікті халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттырумен қатар, өңірдің өндірістік әлеуетін кеңейтпек, – деді аудан әкімі.

Ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 4,0 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 102,0 пайыз орындалған. Мал басы 7,1 пайызға артып, 491993 басқа жетіпті. Ауылшаруашылық өнімдерінің ішінде ет пен сүт өндірісі өсім көрсеткен. Сонымен қатар, көктемгі егіс-дала жұмыстары аясында 12145 гектар жерге егін себіліп, 2024 жылмен салыстырғанда егістік көлемі ұлғайған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,6 миллиард теңгені құрап, 233,4 пайыз орындалғанын да еске салды хабарламашы.

Ауданда 7051 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 133,5 пайызға жоғары көрінеді. Сондай-ақ ауызсу, газ, жылу және жол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша нақты жобалар жүзеге асырылуда екен.

Шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші болып саналады. Ауданда 3823 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліпті. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бірыңғай бағдарлама» аясында Қаратау қаласында құны 127 миллион теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылғанын да аудан әкімі алға тартты. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 29 жоба қолдау тауып, 197,4 миллион теңгеге қаржыландырылған.

Әлеуметтік қолдау саласында 2025 жылдың алғашқы төрт айында 1133 адам жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік көмек түрлеріне 67 миллион теңге бөлініп, 845 адам атаулы әлеуметтік көмек алған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 15 маманға көтерме жәрдемақы, 10 маманға тұрғын үй алуға несие берілген.

Аудан әкімі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына нақты жауап қайтарды.