Жастарды жат әдеттен сақтандыру шаралары күшейтілуде

0 13

Меркі ауданында жастардың денсаулығы мен болашағына елеулі қауіп төндіретін нашақорлық дертіне қарсы нақты және жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары Ернар Әбілдаевтың төрағалығымен арнайы жиын өтті. Кеңейтілген форматта өткен отырыста «Нашақорлықтың алдын алу және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар» жоспарының орындалу барысы кеңінен қаралды.

Жиынға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, денсаулық сақтау саласының мамандары және жастармен жұмыс істейтін құрылым өкілдері қатысты. Қатысушылар нашақорлықтың алдын алуда мекемелер арасындағы өзара әрекеттестікті күшейту, жастармен түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізу және тәуекел тобына жататын жасөспірімдермен нақты бағыттағы жүйелі жұмыс ұйымдастыру қажеттігін алға тартты.

Сонымен қатар, жиында есірткі айналымын насихаттайтын интернет ресурстарға тосқауыл қою, ата-аналармен тығыз байланыста болу, мектептерде профилактикалық жұмысты тұрақты жүргізу секілді бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Бұл бағытта қоғам белсенділерімен, еріктілермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеу – басты назарда.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Ернар Әбілдаев қатысушы мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеп, нашақорлықпен күресті бір реттік шара ретінде емес, тұрақты әрі кешенді негізде жалғастыру қажеттігін айтты. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс — тек құқық қорғау саласының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі.

«Есірткімен күрес – бұл ұлт болашағына деген қамқорлық. Әр ата-ана, әр ұстаз, әр сала өкілі осы мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Біз тек бірлескен әрекет арқылы ғана жастарымызды жат әдеттерден қорғай аламыз», – деді Ернар Әбілдаев.