Таразда электромобильді такси паркі ашылды
Таразда жаңа көлік қызметі іске қосылды – енді қала тұрғындары мен қонақтары экологиялық жағынан қауіпсіз, заманауи электромобильдермен қатынай алады.
Облыс орталығында электромобильді такси паркінің ресми ашылуы өтті. Аталған іс-шараға қала әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, бұл бастаманың қала өміріне әкелер оң әсеріне ерекше тоқталды.
Жоба «ЮгайЮгТакси» жеке кәсіпкерлігі тарапынан жүзеге асырылып отыр. Қазіргі таңда жоба аясында 20 электрлі такси көлігі қала көшелеріне шықты. Жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын бастама алдағы уақытта ауқымын кеңейтпек – электромобильдер саны 100-ге дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
– Электромобильді такси паркінің ашылуы – көлік саласындағы серпінді қадам ғана емес, сонымен қатар, қаламыздың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жоба. Мұндай көліктер қоршаған ортаға зиян келтірмейді, отынды қажет етпейді, әрі энергияны үнемдейді. Бұл бастама ауа сапасын жақсартуға, көмірқышқыл газының таралуын азайтуға үлес қосады. Сонымен қатар, бұл – инвестиция тартудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және инновациялық технологияларды енгізудің нақты көрінісі, – деді қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы.
Жаңа такси көліктері толық қуатталған жағдайда 500 шақырымға дейін жүре алады. Осыған байланысты қала аумағында арнайы қуаттау стансаларын орнату үшін жер телімдері бөлініп, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жеңілдетілген қаржылық қолдау көрсетілген.
Мұндай жобалар тек көлік қатынасын жеңілдетіп қоймай, қаланың жалпы әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға да сеп болары сөзсіз. Электротакси паркі болашақта Тараздың көлік инфрақұрылымының ажырамас бөлігіне айналуы әбден мүмкін.