Шуда 39 отбасы баспаналы болды
Шу қаласында 39 отбасы баспаналы болып, қоныстойын тойлады.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков қатысып, қуаныш иелерін құттықтады. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі маңызды мәселе екенін атап өтіп, бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Бұл жолы баспанаға халықтың әлеуметтік осал санатына жататын азаматтар ие болды. Қуанышқа кенелген тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғыстарын білдіріп, бұл күнді отбасылары үшін тарихи әрі жарқын сәт деп бағалады.
Өз кезегінде баспана кілтін алып, бақытқа кенелген тұрғындар қуаныштарымен бөлісіп, алғыстарын білдірді.
– Сегіз жыл бойы кезекте тұрдық. Арманымыз орындалды. Балаларым енді өз үйімізде қуанышпен өмір сүре алады, – дейді Айгерім Жайлыбекқызы.
Бүгінде Шу ауданында 1900 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Өткен жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы отбасыларға 50-ден астам баспана салынып, кілттері иелеріне табысталған болатын.