Есірткіге қарсы майдан күшейді

0 13

Облысымызда «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық операциясы ресми түрде басталды. Ауқымды іс-шараның ашылу рәсімі Шу ауданында өтіп, қоғамның түрлі өкілдерін – жастарды, құқық қорғау органдары мен жергілікті билік өкілдерін, белсенді азаматтарды бір алаңға тоғыстырды. Бұл – есірткіге қарсы бірлесе күресу қажеттігін білдіретін маңызды қадам.

Ашылу салтанатында ұйымдастырылған көрмелерде есірткі қылмысына қарсы күресте қолданылатын заманауи техникалар мен арнайы құрал-жабдықтар таныстырылды. Кинологиялық қызмет мамандарының шеберлік көрсетілімдері мен жастар қатысқан флешмобтар көрермен көңілінен шықты. Барлығының мақсаты – қоғамның, әсіресе жас буынның есірткіге қарсы санасын ояту, зиянды заттардың өмірге әкелетін қауіп-қатерін нақты жеткізу.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз сөйлеп, нашақорлықпен күрес мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін ерекше атап өтті.

– Жастардың саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау – келешекке салынған ең маңызды инвестиция. Бұл жолда барлық сала бірігіп, жұмыс істеуі керек, – деді ол.

Іс-шара аясында облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев баяндама жасап, Мемлекет басшысының Жолдауында есірткіге қарсы іс-қимыл ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде көтерілгенін еске салды. Ол оңтүстік өңірлерде қарасора өсімдігін заңсыз дайындау, тасымалдау мен сатуға тосқауыл қоюдың маңыздылығына тоқталды. Полиция бөлімшелері мен басқарма басшыларына есірткі арналарын анықтау, ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы арнайы әдістерді қолдану жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Кеңес отырысы барысында облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы да ауқымды баяндама жасап, заңнамалық тетіктер мен прокуратура тарапынан жүргізілетін бақылау механизмдерінің тиімділігі туралы баяндады. Сондай-ақ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков пен бірнеше аудандық бөлім басшыларының есептері тыңдалды.

2024 жылы жүзеге асқан «Қарасора-2024» операциясының нәтижелері күрестің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жыл ішінде есірткіге қатысты 203 құқықбұзушылық тіркелсе, оның 76-сы қылмыстық сипатта болған. Қалған 127 дерек қылмыстық теріс қылық ретінде рәсімделген. Заңсыз айналымнан 6 тоннаға жуық есірткі заты, соның ішінде 2 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленген. Бұған қоса, 1000 тоннадан астам жабайы қарасора орып-шабу және өртеу арқылы жойылған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 780 тоннаға артық.

Бүгінде есірткіге қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес. Бұл – бүкіл қоғамның қатысуын қажет ететін кешенді жұмыс. «Қарасора-2025» – сол жүйелі іс-қимылдың бір бөлігі ғана. Науқаннан тыс уақытта да отбасында, мектепте, көше мен қоғамдық ортада жастарға бағыт-бағдар беріп, санаға әсер ететін нақты іс-шаралар қажет.

Себебі, бұл – тек заң бұзушылық мәселесі емес, ұлттың саулығы мен болашағына тікелей әсер ететін қауіп. Ендеше, әр азамат өз ұрпағы үшін, ел ертеңі үшін бұл күресте бейжай қалмауға тиіс.