Тіске зиян әдеттер

0 17

Стоматолог тамақтан кейін ауыз қуысын асығыс тазалау неге тіс жегісіне, тіс кіреукесі бұзылуына әкеп соғуы мүмкін екенін айтты.

Стоматологтар тісті күніне екі рет, яғни таңертең және кешке тазалау қажет екенін айтады. Бірақ, көп адам мұның маңызды екенін ескере бермейді. Әсіресе, тәтті тағамдардан кейін тісті бірден тазалау зиян.

Ұлыбританиялық стоматолог Тарун Нагпалдың айтуынша, шоколад, жеміс-жидек немесе басқа да тәттілерден кейін бірден тіс тазалау тіс кіреукесіне зақым келтіруі мүмкін.

«Шоколад немесе құрамында қант бар өнімдерді жегенде, ауыз қуысындағы бактериялар қышқыл бөле бастайды. Бұл қышқылдар тіс кіреукесін, яғни тіс бетіндегі қорғаныш қабатын уақытша жұмсартады. Дәл осы сәтте тіс тазаласаңыз, жұмсарған эмальді қырып тастауыңыз мүмкін. Бұл уақыт өте келе тісті әлсіретеді», – дейді стоматолог.

Тәттіден кейін бірден тіс тазалаудың қаупі қандай? Маман бұл әдет тістің сезімталдығына, тіс жегісіне және тіс кіреукесі бұзылуына әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.

Не істеу керек? Стоматолог тамақтан кейін кемінде 30 минут күтуге кеңес берді. Осы уақыт ішінде сілекей бактериялар бөлген қышқылдарды бейтараптандырып, тіс кіреукесінің беріктігін қалпына келтіреді. Осы кезде ғана тіс тазалау тиімді әрі қауіпсіз болады.

«Сілекей – ауыз қуысының табиғи қорғанышы. Ол тамақ қалдықтарын шайып, қышқылды азайтып, тіс кіреукесін қалпына келтіруге көмектеседі. Бірақ, тісті асығыс тазалау зиянын тигізуі мүмкін», – деп ескертті дәрігер.