Меркілік оқушылардың роботракторы

0 9

Меркі ауданындағы №4 Тілеміс батыр атындағы орта мектептің оқушылары Ғабдолла Ақсұлтан мен Байкөбек Нұрлыбек ауылшаруашылығына жаңа серпін беретін ерекше жобаны іске асырды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің білім басқармасы.

Жас өнертапқыштар жетекшісі Гүлназ Әбдуалиеваның көмегімен «РОБОТРАКТОР — 3/1» атты автономды техника жасап шығарған. Жобаның басты мақсаты – қазіргі таңда ауылшаруашылығында, әсіресе егін шаруашылығында жиі кездесетін жұмыс күші тапшылығы мен табиғи қолайсыздықтарды жеңілдету.

– Көп жастар ауылшаруашылығына қызықпайды, егін егуге ниет танытпайды. Осыны ескере отырып, біз табиғаттың ыстығына, шаң-топырағына қарамай еңбек ете алатын, әрі адам еңбегін жеңілдететін роботрактор жасап шығаруды жөн көрдік, – дейді Ғабдолла Ақсұлтан өз жобалары туралы.

Тың техниканың «РОБОТРАКТОР – 3/1» деп аталуының да өзіндік себебі бар екен. Техника үш негізгі функцияны қатар орындай алады: жерді қазады, дән себеді және дәннің бетін жабады. Арнайы сенсорлы датчиктермен жабдықталған бұл машина егіс жұмыстарын жоғары дәлдікпен атқарып, ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жанармай шығынын болдырмас үшін трактор электр қуатымен де жұмыс істей алады.

– Оқушылардың тың идея ұсынып, оны іске асыруы – үлкен жетістік. Бұл олардың ел болашағына бейжай қарамайтындығын көрсетеді. Мұндай жобалардың ауыл экономикасына нақты үлес қосатыны сөзсіз, – дейді жетекшілері Гүлназ Нұрланқызы.

Оқушылар болашақта бұл жобаны одан әрі дамытып, өндірістік деңгейге жеткізуді жоспарлап отыр.

– Біз тек мектеп жобасымен шектеліп қалғымыз келмейді. Болашақта роботты жетілдіріп, үлкен көлемдегі егістік жерлерге пайдалануға жарамды нұсқасын жасағымыз келеді. Еліміздің егін шаруашылығына өз үлесімізді қосуға дайынбыз, – дейді жас өнертапқыш Байкөбек Нұрлыбек.