Екі өнердің шыңындағы шынар

0 8

Сарысудай қасиетті мекеннің қойнауынан түлеп ұшқан, қос арнаны — медицина мен әдебиетті қатар алып жүрген көрнекті тұлға, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты хирург, жазушы, Қазақстан Журналистер одағы мен Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі Сағындық Ордабеков 75 жасқа толып отыр. Ардақты азаматтың мерейтойы туған топырағында – Сарысу ауданында кең көлемде, зор құрметпен аталып өтті.

Жерлес перзенттеріне деген ел ықыласы алғашқы күннен-ақ ерекше сезілді. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков, зиялы қауым өкілдері мерейтой иесін қаланың кіреберісінде салтанатты түрде қарсы алып, ақжарма тілектерін арнады. Құрметті меймандар қатарында еліміздің түкпір-түкпірінен келген белгілі дәрігерлер, ғалымдар мен профессорлар да болды. Олар аудандық мәдениет үйінде өткен, Сағындық Ордабековтің өмірі мен шығармашылығына арналған «75 жыл – екі өнердің шыңында» атты көрмені тамашалады. Сурет пен сөз өрілген, дерек пен дербес тұлғалық белестер көрініс тапқан көрме келген жұртқа терең әсер қалдырды.

Мерейтой құрметіне орай «Хирург, ғалым, қаламгер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, онда еліміздегі медициналық ғылым мен практикада белсенді қызмет етіп жүрген мамандар маңызды баяндамалар жасады. Облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Марат Жұманқұлов жүргізген жиында қатысушылар Сағындық Ордабековтің кәсіби жолына, тұлғалық болмысына, ғылыми және әдеби еңбегіне тоқталды. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков мерейтой иесіне ізгі тілегін білдіріп, ел саулығы жолында сіңірген еңбегі үшін шапан жауып, ат мінгізді. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының атынан Ерік Мұсабаев жылы лебізін жеткізді.

Жиында жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Болатбек Баймаханов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жақсылық Досқалиев, профессор Сейтхан Жошыбаев, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Жандос Сейдахметов және басқа да медицина майталмандары мазмұнды баяндамалар жасап, ғылыми пікірлерін ортаға салды.

Сағындық Ордабеков туған еліне ризашылығын білдіріп, бұл басқосудың маңызын ерекше атап өтті.

Мерейтойлық іс-шара мерейтой иесінің туған жері – Үшбас ауылында жалғасын тапты. Қадірменді қонақтарды жерлестері Аққырқа тұсынан қарсы алды. Ардақты азамат туып-өскен ауылда «Ордабек ата бағы» атты саябақтың ашылуы болды. Саябақтың лентасын аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков, Тараз қаласынан келген Алтай Райқұлов пен Шүкір Шораев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов және медицина саласының ардагері Сағымбек Бегеев салтанатты түрде қиды. Ауыл азаматтары жаңа саябаққа шырша көшеттерін отырғызып, туған жерге деген тағзымдарын көрсетті. Мерейтой иесіне ауылдастары ақ батасын беріп, ат мінгізіп, темір тұлпардың кілтін тарту етті. Киіз үйлер тігіліп, қонақтарға кең дастарқан жайылып, ағайынның ұйымшылдығы мен бірлігі ерекше көрініс тапты.

Сағындық Ордабеков – екі бірдей қасиетті істе – адам өміріне араша түсуде де, сөзбен жүрекке жол табуда да абырой биігіне көтерілген азамат, Әулиеатаның, соның ішінде туған жері Сарысу өңірінің денсаулық сақтау ісіне өлшеусіз үлес қосқан, талай жас дәрігерге жол сілтеген, адал еңбегімен ел алғысына бөленген тұлға. Білікті хирург қана емес, ел мен жер тағдырына бейжай қарамайтын парасатты қаламгер ретінде де танымал. Оның қаламынан туған көркем туындылар, публицистикалық жазбалар мен ғылыми еңбектер ұлт руханиятына қосылған бағалы мұра.