Байзақта шыңдалған шыны шығаратын зауыт іске қосылды

0 6

Байзақ ауданына қарасты Үлгілі ауылында өңірдегі алғашқы шыңдалған шыны шығаратын зауыт өз жұмысын бастады. Индустриялық жобаны жергілікті кәсіпкер қаржыландырып, сәтті іске асырды.

Жаңа өндіріс ошағының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихат депутаттары, аудан әкімшілігі мен ауыл тұрғындары қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың инвестициялық жобаларды қолдау және жаңа өндіріс орындарын ашу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгін іске қосылған кәсіпорын – осы бастамалардың нақты жемісі. Бұл зауыт – ел экономикасының дамуына және жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі.

«Туған жерге туыңды тік» деген халық даналығын ұстана отырып, туған өлкесіне инвестиция салып, іскерлік танытқан азаматтарға алғысымды білдіремін! Өндіріс ошағының жұмысы жемісті болсын! – деген облыс әкімі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаровпен бірге зауыттың лентасын қиды.

Жобаны «JS GLASS» ЖШС жүзеге асырды. Инвестиция көлемі – 1 миллиард теңге. Кәсіпорын жылына 100 мың шаршы метр шыңдалған шыны өндіруге қауқарлы.

Зауыт құрылтайшысы Жамалхан Ибрагимовтің сөзінше, мұнда сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай заманауи технологиялар қолданылады. Шыны өңдеу кешенінде 40 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Өндіріс орны өңірдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, өнімдерін Алматы және Түркістан облыстарының нарығына шығарады.

– Соңғы үлгідегі қондырғылармен жұмыс істеуді қытайлық мамандардың көмегімен бір ай ішінде меңгердік. Ауылымызда зауыттың ашылғанына өте қуаныштымын. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді Үлгілі ауылының тұрғыны, зауыт қызметкері Дастан Абделиев.