Құтты мереке
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Құрбан айт – құтты мереке» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Асқар Сатылғанов пен Тараз қалалық орталық мешіттің бас имамы Ержан Аманбаев қатысты.
Құрбан айт мерекесімен құттықтаған Ержан Аманбаев Құрбан айттың ислам дініндегі орны мен маңыздылығына тоқталып өтті. Имамның айтуынша, мұсылмандар үшін ең ұлық екі мереке бар: бірі – Ораза айт, екіншісі – Құрбан айт. Құрбан айт – тек мал сойып, оның етін таратумен шектелетін шара емес. Бұл – адамның Жаратушыға жақындау ниетімен жасаған үлкен ғибадаты. «Құрбан» сөзінің мағынасы да – «жақындау». Ал, шариғаттағы мағынасы – құлшылық ниетімен белгілі бір шарттарға сай мал бауыздау. Құрбандық шалу – әр мұсылманға міндет емес. Оның белгілі шарттары бар. Атап айтқанда, құрбан шалатын адам: ақыл-есі дұрыс; мұсылман; жолаушы емес; өзін және отбасын асырай алатын, негізгі қажеттіліктерінен тыс 85 грамм алтынның құнына тең дүние-мүлкі бар болуы тиіс. Имамның айтуынша, 85 грамм алтынның құнына жететін дүние-мүлкі жоқ, бірақ бір қой сатып алуға шамасы жететін адам да құрбандық шала алады.
Сондай-ақ Ержан Маханұлы Құрбан айттың тек құрбан шалумен ғана шектелмей, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен қарым-қатынасты нығайтатын, адамдар арасындағы мейірімді, сыйластықты арттыратын рухани мереке екенін айтты. Құрбандыққа шалынған малдың еті үш бөлікке бөлінеді: бір бөлігі – өз отбасы үшін, екінші бөлігі – көрші, туыстарға, ал үшінші бөлігі – мұқтаж жандарға, жетім-жесірлерге таратылады.
Баспасөз мәслихатында облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің әрі облыстың бас имамы Асқар Сатылғанов кәсіпкерлерге үндеу жасап, Құрбан айт кезінде малдың бағасын қымбаттатпауға шақырды. «Бұрын қандай бағада болса, сол деңгейде қалдырған жөн. Тіпті, кейбір мұсылман елдеріндегідей 70–80 мың тұратын малды 10 мың теңгеге дейін арзандатып беру де – сауапты іс» – деді имам.