Жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап жүрген жауынгер
Жалпы, «жұмысшы мамандар» деп өз мамандығын терең меңгеріп, ерінбей еңбек етуге дағдыланған азаматтарды айтамыз. Мәселен, көлік жүргізушісін алсақ, дәл осы мамандық иесі арнайы оқып, терең білім алмайынша көлік тізгінін басқара алмасы анық. Осы орайда, Қарулы Күштер қатарында көп жылдан бері тынбай еңбек етіп келе жатқан азаматтық персоналы Мұрат Дәуренбековтың еңбегі зор құрметке лайық.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Мұрат жастайынан әкесі Бейсетайдың жанында жүріп, жүргізуші болуды көп армандайтын. Отбасындағы үш ұлдың кенжесі болғандықтан болар, Мұрат әкесінің жанынан шықпай ержетіп, есейді. Бос жүрмей, әкесіне керекті құрал-саймандарын арқалай жүріп, өзі де кәмелеттік жасқа толған шағында көлік рөлін басқаруды үйреніп алды.
Әкесі Бейсетай мен анасы Жолдыбала – отбасында үш ұл мен екі қызды мәпелеп өсіріп, оларға ұлағатты тәрбие берген жандар. Әкесі Бейсетай түрлі салада еңбек еткенімен, соңғы жылдары көлік жүргізуді қолға алады. Жасы ұлғайып, зейнеткерлікке шығады. Ал, анасы Жолдыбала болса, бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, үй шаруасымен айналысты. Осы әулеттен есейіп, ержеткен Мұрат Бейсетайұлы Ақкөл ауылында орта мектепті табысты аяқтап, 1984 жылы әскер қатарына шақырылады.
Отан алдындағы азаматтық борышын алыс Молдова еліндегі, Кеңестер Одағы әскерлерінің Қызыл Тулы Одесса әскери округіне қарасты артиллериялық полк құрамында абыроймен атқарады. 1986 жылы әскерден еліне аман-есен оралған Мұрат өзінің туған ауылының өркендеуіне бел шешіп кіріседі. Көп уақыт жүк тасу көлігінің жүргізушісі болып еңбек етеді. Ауыл өмірімен біте қайнасқан жігіт ағасы Мұрат өмірлік жары Шынар есімді қызбен көңілі жарасып, отбасын құрады. Ауылында көлік жүргізушісі болып еңбек етіп жүрген Мұрат Дәуренбеков 1997 жылдың көктемінде әскери бөлімге келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданады.
Алдымен, қойма бастығы лауазымдық қызметіне тағайындалады. Артиллериялық әскери бөлімнің жеке құрамы қатарында отбасымен бірге көшіп келген Мұрат Бейсетайұлы келісімшарт бойынша әскери қызметті одан әрі жалғастырады.
2005 жылы әскери қызметші Мұрат Дәуренбеков дивизион технигі лауазымына тағайындалса, арада үш жыл өткенде 2008 жылы қамтамасыз ету взводының командирі болып көтеріледі. Сүйген жары Шынармен тату-тәтті өмір сүріп, Мұраттың отбасында үш қыз дүниеге келіп, бойжетеді. Отбасының тұңғышы Хадиша тұрмысқа шыққан. Екіншісі Арай бұл күнде білім бөлімінде жауапты қызмет атқарса, ең кенжесі Жансая педагогикалық колледжде бастауыш сыныпқа білім беру мамандығы бойынша білім алып жүр. Әскери отбасындағы Мұрат пен Шынардың бүгінгі күнде Нұртас және Хантөре есімді сүйікті немерелері бар.
Келісімшарт бойынша әскери қызметте қатардағы жауынгерден старшина әскери атағына қол жеткізген кейіпкеріміз 2010 жылы Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, Қарулы Күштердің қатарынан зейнеткерлікке шығады. Әскери қызметтегі адалдығы жоғары бағаланған старшина М.Дәуренбеков ІІІ дәрежелі «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі мінсіз қызметі үшін» және «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне – 10 жыл» медальдарымен марапатталған.
Әке жолын үзбей жалғап келе жатқан Мұрат Дәуренбеков қазіргі таңда Қарулы Күштер қатарында азаматтық персоналы ретінде қызмет етіп келеді. Әскери техниканы жөндеу мен жүргізуді жетік меңгерген Мұрат өзінің соңынан ерген інілеріне бар білгенін көрсетіп, үйретуден еш жалыққан емес. Осы ретте бірер ай бұрын ғана асқаралы 60 жасқа толған Мұрат Бейсетайұлына өмір жасының ұзақ, денсаулығының мықты және отбасында тек қуаныш пен шаттық болсын деп тілейміз!