Ондаған ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр

0 5

Шу ауданында биыл бірқатар салада оң динамика байқалып отыр. Мәселен, өнеркәсіп саласында 13 миллиард 498 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,9 пайызды құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 9 миллиард 823 миллион теңгені құраған. Сонымен қатар, аудан бойынша 1 миллиард 863 миллион теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндірілді.

Ауданда ауылшаруашылығы саласы – негізгі тірек бағыттардың бірі. Биыл ауылшаруашылығы алқаптарына 28 мың 400 гектар жер игеріліп, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, майлы дақылдар, көкөніс-бақша өнімдері, картоп, мал азықтық дақылдар егілуде. Өткен жылмен салыстырғанда, ағымдағы жылы қант қызылшасының егіс көлемі 100 гектарға артып, 500 гектарға жеткізілген. Қазіргі таңда аудан бойынша қант қызылшасын қабылдайтын бір пункт жұмыс істеп тұр.

Суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. «Жұмыспен қамту жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» сынды бағдарламалар аясында каналдарды жөндеу және механикалық тазарту жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Аталған шаралар су үнемдеуге және өнімділікті арттыруға ықпал етуде.

– Қолға алынған ірі инфрақұрылымдық жобалар да бар. Биыл жалпы құны 5 миллиард 918 миллион теңгені құрайтын 25 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл қаржыға елді мекендердегі жолдар, ауызсу, газ, мектеп, спорт нысандары жөнделіп, жаңадан бой көтеруде. Ағымдағы жылы Шу қаласындағы 13 көшеге және ауылдық округтердегі 22 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек, – дейді аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков.

Бұдан бөлек, ауданда алты жаңа мектептің құрылысы басталыпты. Оның төртеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынуда. Бұл үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешуге бағытталған.

Әкімнің айтуынша, ауданға 160 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Өңірде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8 мыңнан асып отыр. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 32 жоба мақұлданып, 382 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.