Аты – әулие, заты – батыр, асқар тау!

0 3

Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының штаттан тыс қызметкері, Қазақстанның құрметті журналисті Бекет Момынқұлдың 70 жас мерейтойына арналған «Бекет салған сара жол» атты әдеби кеш өтті.

Кеш қонақтары алдымен жазушының өмірі мен шығармашылық жолы қамтылған фотокөрмені және «Өмір жолы – өнеге» атты бейнебаянды тамашалады.

Іс-шара кеш тізгінін ұстаған белгілі журналист Оралхан Дәуіт пен мерейтой иесінің арасындағы қаламгердің журналистикаға келу жолы, Жамбыл телеарнасындағы алғашқы күндері, Шерхан Мұртазамен шығармашылық байланысы, қоғам мен жастар жайлы ой-толғамдары, шәкірт тәрбиелеудегі өзіндік тәжірибесі туралы әдемі сұқбат түрінде өрбіді.

Шығармашылық кешке арнайы келіп қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов:

– Сіздің қаламыңыздан туған әрбір мақалаңыз – уақыттың тынысын дөп басқан шындықтың шырақшысы, елдің рухын көтерген сөз маржаны десек, артық айтқандық емес. Әр жылдары «Шұғыла», «Село жаңалығы» секілді басылымдарда жемісті еңбек етіп, жұртшылықты толғандырған өзекті мәселелердің шешімін табуына ықпал еттіңіз. Сондай-ақ ғасырдан астам тарихы бар «Знамя труда» газетін абыроймен басқарып, билік пен бұқараның арасына «алтын көпір» орнатқаныңыз көзіқарақты оқырманның әлі күнге жадында.

Облыстық «Jambyl» телеарнасының да тізгінін ұстап, қаншама дарынды шәкіртті тәрбиелеп, қанаттарын қатайтып, қияларға самғаттыңыз. Бүгінде өзіңізден тәлім алған талай дарынды журналист еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп, өз саласының білікті мамандарына айналды. Мемлекеттік қызметте де қолтаңбаңызды қалдырып, еліміздің дамуына елеулі еңбек сіңірдіңіз, – дей келе қаламгерге облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты.

Кеш барысында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтары облыстық филиалдарының, облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерінің, мәдениет басқармасы мен Жуалы, Байзақ, Жамбыл аудандарының, «Jambyl» телеарнасының, «Aulieata Media», «Знамя труда» ұжымдарының басшылары мен өкілдері және қаламгердің замандас әріптестері мен шәкірттері жүрекжарды тілектерін білдірді, әсерлі естеліктерін ортаға салды. Ақын, журналист Нұржан Қадірәлі арнау өлеңін оқып берді.

Әсерлі кеш Бекет Момынқұлдың жаңа туындысы — «Момышұлы әлемі» атты кітабының тұсаукесерімен түйінделді. Жаңа кітапты жұртшылыққа Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында қалыптасқан дәстүр бойынша Серік Сәлемов, Жаңабай Миллионов және Хамит Есаман сандықтан шығарып, таныстырды.  Жинақ Баукеңнің сұрапыл соғыс жылдарынан кейінгі өмірін, ары алдында да, елі алдында да адал болған алдаспан бейнесін көз алдыңызға алып келеді. Оқырман кітаптан ел арасында батыр жайлы айтылып жүрген аңыз әңгімелердің ақиқатын, тарих бедерінде жұмбақ күйінде хатталып қалған жайттардың нақты жауабын таба алады.