Қордайда 144 отбасы баспаналы болды
Қордай ауданында әлеуметтік қолдау шаралары жалғасуда. Жуырда аудан орталығындағы «Шығыс» шағынауданында 144 отбасыға жаңа пәтерлердің кілттері табысталды.
Салтанатты іс-шараға Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков қатысып, баспаналы болған тұрғындарды құттықтады. Ол өз сөзінде бұл бастаманың еліміздің әлеуметтік бағыттағы мемлекеттік саясатының нақты жемісі екенін атап өтті.
– Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау, оларды баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі. Бүгін пайдалануға беріліп отырған тұрғын үйлер Мемлекет басшысының тапсырмаларының жергілікті жерде жүйелі орындалып жатқанын айғақтайды. Бұл – ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылықтың, халыққа деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Жаңа қоныс құтты болсын! – деді аудан басшысы.
Жаңа үйлер «Шығыс» шағынауданынан бой көтерген. Барлық пәтерлер екі бөлмелі, ішінде жатын және қонақ бөлмелерімен қатар ас үй, әжетхана және қажетті тұрмыстық жағдайлар қарастырылған.
Баспанаға ие болған жандардың қуанышында шек жоқ. Солардың бірі – Карина Қасымбекова.
– Бұл күн мен үшін үлкен қуаныш пен толқуға толы. Ата-анамнан ерте айырылып, өз үйім болса деген арманмен өстім. Бүгін сол арманым орындалды. Мемлекет пен жергілікті билікке алғысым шексіз, – деді ол.
Мерекелік іс-шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет те сөз сөйлеп, қоныстой иелеріне ақ батасын беріп, шаттық пен береке тіледі.
Жаңа қоныс – тек жаңа үй ғана емес, ол – жаңа өмірге қадам. Мемлекет тарапынан жасалған мұндай қолдаулар ел болашағына деген сенімді нығайта түседі.