Шығармашылықтың жаңа тынысы
Аймақта креативті индустрияны дамыту бағытында маңызды әрі нақты қадам жасалып, Тараз қаласында өңірдегі алғашқы ауқымды шығармашылық алаң «Қолөнершілер үйі» өз жұмысын ресми түрде бастады.
Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, «Алматы қолөнер палатасы» Қоғамдық қорының вице-президенті Дәмелі Жанашева, сондай-ақ Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхиты бойынша вице-президенті, халықаралық «Aspara Fashion Week» сән апталығының президенті Айдархан Қалиев қатысты.
«Қолөнершілер үйінің» ашылуы — ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында көрсетілген креативті индустрияны қолдау саясаты аясындағы нақты қадам.
Жаңа хаб өңірдегі 190-ға жуық шеберді біріктіріп отыр. Бұл шеберлерге өнімдерін нарыққа шығарып, шығармашылық әлеуетін арттыруға, бір-бірімен тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл алаң жас дизайнерлер мен креативті кәсіпкерлерге де ашық, яғни болашақ қолөнершілерге жол сілтейтін орталыққа айналмақ.
Жобаның басты мақсаты – ұмыт бола бастаған ұлттық қолөнер дәстүрлерін жаңғырту, қазіргі заман талаптарына бейімдеу және жаһандық нарыққа бейім өнімдер шығару. Бұл ретте өңірлік қолөнердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделіп отыр. Орталық шеберлердің жұмыстары мен туындыларын кеңінен таныстыруға, оларды оқытуға және өндірістік процеске тартуға мүмкіндік береді. Жоспар бойынша, болашақта «Қолөнершілер үйі» өңірдегі туристік бағыттардың бірі ретінде дамып, шетелдік меймандар мен қолөнер жанашырлары үшін тартымды орталыққа айналады.
Хабтың ашылуына орай Тараз қаласында екі күнге созылған Креаторлар форумы өтті. Форум барысында шығармашылық индустрия өкілдері мен сарапшылар тәжірибе алмасып, саланың болашағы мен даму бағыттарын талқылады. Іс-шара креативті ой мен кәсіпкерліктің тоғысқан алаңына айналды.