Ерекше балаларға арналған «Ертегі әлемі»

0 5

Тараз қаласында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мүгедектігі бар балалар мен олардың отбасылары үшін ерекше форматтағы ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырған «Балалар ертегі әлемінде» атты кешке 320 бала мен олардың ата-аналары қатысты.

Іс-шара аясында ата-аналар үшін арнайы «Құқықтық алаң» құрылып, онда мамандар құқықтық және әлеуметтік қолдау туралы кеңестер берді. Балалар үшін «Балалық шақ елінде» атты көркем сурет байқауы ұйымдастырылып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға назар аударылды.

Балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу және олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Сиқыр әлемі» атты шеберлік сағаты өткізілді. Қатысушылар құмыра жасау станогында жұмыс істеуді үйреніп, саз балшықтан және гипстен түрлі бұйымдар жасап көрді. Сабыннан сәндік бұйымдар жасау да балалардың қызығушылығын тудырды.

Мерекелік іс-шара барысында «Әлем ғажайыпқа толы» атты ойын-сауық бағдарламасы қойылып, ертегілік кейіпкерлер балалармен тілдесіп, жарқын әсер сыйлады.

Іс-шараның жалғасы ретінде өткен «Балалық шақ мерекесі» атты концерттік бағдарламада ерекше балалар өз өнерлерін ортаға салды. «Nomad» тобы, «Тәттілер», «Бақытты балалық шақ» әндері шырқалып, балалар орындауында «Шаттық» биі мен «Алға, Қазақстан!» флешмобы қойылды.

Кештің ерекше сәттерінің бірі – бочча спорт түрінен өткен жарыс. Бұл ойын балалардың ептілігі мен зейінін дамытуға бағытталды. Жарыс соңында барлық қатысушыларға сыйлықтар табысталды.

Аталған іс-шара балалардың қуанышын еселеп, олардың әлеуметтенуіне, бойындағы таланттарын көрсетуіне мүмкіндік берді. Осындай игі бастамалар қоғамдағы ерекше қажеттілігі бар балаларға деген қолдаудың арта түскенін көрсетеді.