Жаз маусымындағы қауіпсіздік мәселелері пысықталды
Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте жаз маусымына дайындық және маусымдық қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру, шомылу және өрт қауіпсіздігі, Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу, сонымен қатар, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Аудан аумағында шомылу маусымына орай жүргізіліп жатқан алдын алу шаралары жүйелі түрде іске асуда. Қазіргі уақытқа дейін оннан астам рейд ұйымдастырылып, тұрғындар арасында 300-ден астам түсіндірме жадынама таратылған. Дегенмен, су айдындарындағы қауіпсіздік белгілерін жаңарту қажеттігі туындап отыр. Өткен жылы ауданда суға кету деректері тіркелмеген. Бұл көрсеткіш – уақытылы және жүйелі түсіндіру жұмыстарының жемісі екенін көрсетеді. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандырып, қоғамдық құтқарушыларды тарту, ауылдық округтермен бірлескен іс-шараларды күшейту, балаларды қараусыз қалдырмау бағытындағы жұмыстарға басымдық беруді тапсырды.
Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда аудан көлемінде 15 ерікті өрт сөндіру жасағы құрылған. «Ақыртөбе», «Луговой» орман шаруашылықтарында рейдтер ұйымдастырылған. Алайда, биыл табиғи өрттің үш дерегі тіркеліп, 29 гектар жерге залал келтірілген. Осыған орай, орманды және далалы аймақтарда мобильді топтар құрылып, бақылау күшейтілуде.
Білім саласы да назардан тыс қалған жоқ. Биыл аудан бойынша 859 оқушы 11-сыныпты аяқтап отыр. Олардың 766-сы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын болады. Өткен жылы аудан түлектерінің 48,4 пайызы мемлекеттік грант иегері атанған. Биылғы аттестат тапсыру рәсімі 18 маусымда өтеді деп жоспарланған. Сонымен қатар, 1-10 сынып оқушыларының 74,56 пайызы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылмақ.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі судағы, өрт кезіндегі және жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша жауапты бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Ернар Серікәліұлы жаз маусымы демалыс қана емес, қауіп-қатер кезеңі екенін ескере отырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету күн тәртібінен түспеуі тиіс екенін баса айтты.