Антқа адал бол, жас сарбаз!
Меркі ауданындағы 11971 әскери бөлімінде ел болашағын қорғайтын жас сарбаздар әскери ант қабылдады. Салтанатты рәсімде 183 сарбаз Тәуелсіз Қазақстанның тұтастығы мен амандығын күзетуге серт берді.
Салтанатты жиынға Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, 85395 әскери бөлімінің штаб бастығы, подполковник Арман Сабыров, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
– Бұл күн – әр азаматтың өмірінде бір-ақ рет келетін, жүрек төрінде мәңгі сақталатын сәт. Бұл – ел мен жерге адалдықтың күні. Сарбаз болу – тек сапқа тұру емес, бұл – тәртіпке бағыну, тәрбие мен намысты қатар ұстау. Сіздер – халықтың сенімі мен мемлекеттің тірегісіздер. Анттарыңызға адал, Отанға қызмет етуді зор мәртебе санайтын азамат болыңыздар, деді құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Азатұлы.
Әскери ант – жауынгер үшін жай ғана сөздер емес, ол – ел мен жер алдындағы серт, ата-бабаның аманатына, болашақтың амандығына жауапты болу парызы. Осы ұлы сәттің куәгері болған жас сарбаз Бексұлтан Тұрсынбаевтың атасы, еңбек ардагері Тұрсынбай Сахов та жүрекжарды пікірін білдірді.
– Немеремнің осындай тарихи сәтінде жанында болу – мен үшін үлкен қуаныш әрі зор мақтаныш. Бұл – тек біздің әулеттің ғана емес, бүкіл халықтың үмітін арқалаған ұрпақтың алға жасаған сенімді қадамы. Ұлымның Отан алдындағы борышын адал атқаратынына кәміл сенемін. Еліне шын берілген ұлдан үміт те, сенім де зор, – деді ол тебірене.
Салтанатты рәсім барысында сарбаздар қысқа мерзімде меңгерген әскери машықтарын – қоян-қолтық ұрысты, қару қолдану тәсілдерін және түрлі тактикалық жаттығуларды көрсетіп, әскер өміріне тез бейімделіп жатқанын паш етті.