Үкімет назарында – оңтүстік өңірлердің дамуы
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев облысымызға жұмыс сапарымен келіп, оңтүстік өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының әкімдері, сондай-ақ ұлттық экономика және қаржы министрліктерінің өкілдері мен «Amanat» партиясының жетекшілері қатысқан басқосуда ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы өңірлердегі негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша баяндама жасады. Ал, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өздері басқаратын аймақтардағы жағдай мен түйткілді мәселелер жайында айтып берді. Ербол Шырақпайұлы өз сөзінде Жамбыл облысының 2025 жылдың алғашқы төрт айында 15,8 пайыздық экономикалық өсімге қол жеткізіп отырғанын атап көрсетті. Бұл көрсеткіш өнеркәсіптегі 23,6 пайыз, құрылыс саласындағы 22,1 пайыз, көліктегі 11,2 пайыз , байланыстағы 7,7 пайыз, саудадағы 2,5 пайыз және ауылшаруашылығындағы 0,7 пайыз өсімнің нәтижесінде қалыптасқан. Сонымен бірге, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 66,8 пайызға артқан, 173,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Облысымызда Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі 74,1 пайызды құрап, республика бойынша төртінші орынға тұрақтады.
Күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі – «Ауыл аманаты» жобасының орындалу барысына жүргізілген скрининг нәтижелерімен «Amanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев таныстырды. Оның айтуынша, Жамбыл облысы бойынша 153 ауылдық округтің әлеуеті сараланған. Жалпы, 2019-2023 жылдар аралығында жоба аясында 40,8 миллиард теңге бөлініп, 8027 жоба жеңілдетілген несиемен, 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 62 ауылшаруашылығы кооперативі құрылды. Жергілікті бюджет есебінен 275 техника сатып алынған. Айта кетерлігі, берілген несиелердің 99,6 пайызы толық қайтарылған. 2024 жылдың қыркүйегінен бері қайтарылған қаражат есебінен 3,3 миллиард теңгеге 438 жоба қайта қаржыландырылды. Жоба аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған тауарлық несиелеу бағдарламасы іске қосылып, қазіргі уақытта 20 отбасы 757 бас мал алған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 80 шартқа және 5 мың малға дейін жетпек.
Кеңесті қорытындылаған Қанат Бозымбаев оңтүстік өңірлер үшін ауылшаруашылығы мен шағын және орта бизнес негізгі экономикалық тірек екенін атап көрсетіп, инфрақұрылымды жаңғырту мен ауылдық жерлердің әлеуетін толық іске асыру үшін жоспарлау мен атқарылатын жұмыстарды өңірлік стандарттар жүйесіне сүйене отырып жүргізу қажеттігін ескертті. Шешімін күткен мәселелер Үкімет деңгейінде қаралатыны айтылып, өңір әкімдіктері мен тиісті министрліктерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Сапар аясында Қанат Бозымбаев Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің жағдайымен, Тараз қаласындағы 16-шағынауданда салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен және «Түйте» каналының жағалауын абаттандыру жұмыстарымен танысты.