Заң мен тәртіп кішігірім нәрселерден басталады

0 9

Облыс прокуратурасы «Халықпен байланыс» жобасы аясында Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы №7 орта мектепте «Қауіпсіз балалық шақ, болашаққа бағдар» атты конференция өткізді. Іс-шараға уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ, тұрғындар қабылдауы ұйымдастырылды. Онда олар өздерінің мәселелері мен шағымдарын жеткізіп, жауаптар мен құқықтық көмек алды.

Мектептің акт залына жиналған 9-10 сынып оқушыларымен облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров кездесті. «Әрбір мектеп оқыту, тәрбие беру, оқушылар арасындағы қарым-қатынас пен байланыс үшін қауіпсіз болуға тиіс. Оқушылардың өздерін қорғауда, болашақтарына сенімділік сезімдерін нығайту маңызды. Сондықтан сіздерді өз әрекеттеріңіз, тәртіптеріңіз, өмірлеріңіз үшін толық жауапкершілікті сезінуге шақырамын. Заң мен тәртіп ең алдымен кішігірім нәрселерден басталады: әр азамат өз құқықтары мен міндеттерін біліп, оларды орындауы тиіс», — деп атап өтті Нұрғалым Әбдіров.

Конференция барысында Байзақ ауданының жасөспірімдер құқықтары туралы өзекті мәселелері талқыланды. Оқушылардың аутодеструктивті мінез-құлқымен күрес, әлеуетті қауіпті топтағы балалармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру туралы облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков баяндама жасады. Балалардағы суицидтік мінез-құлықтың психологиялық аспектілері туралы облыстық психологиялық қолдау орталығының жетекшісі Рашид Райф, балалардағы суицидтік мінез-құлықтың медициналық ерекшеліктері туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының суицидология бөлімінің қызметкері Сәуле Бурашова айтып берді. Суицидтің алдын алу туралы сөз сөйлеген ҚазҰМУ коммуникациялық дағдылар орталығының доценті Айжан Құдайбергенова да маңызды ақпараттарды ұсынды. Баяндамашылардың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін педагогтар мен ата-аналардың күш-жігерін біріктіру, осы мәселелерге қатысты әдістемелер мен концепциялар әзірлеу аса маңызды.

Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров конференцияда көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстарды ескеріп, педагогтар мен полиция қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында шаралар қабылданатынын атап өтті.