Жеңіс тұғырында жамбылдық жас көкпаршылар

0 10

Алматы облысында көкпардан жастар арасында өткен Қазақстан чемпионаты ұлттық спорттың рухын тағы бір мәрте асқақтатты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас шабандоздар арасында нағыз тартыс пен шеберлік жарысы орын алды. Бұл сында Жамбыл облысының жастары ерекше көзге түсіп, жарыс қорытындысы бойынша чемпион атанды.

13 команда, 160-қа жуық спортшы қатысқан айтулы додада әр өңірдің намысын қорғаған жастар өз өңірінің абыройы үшін жанын салып, өнер көрсетті. Жамбылдық көкпаршылар жарыстың алғашқы минуттарынан бастап сенімді ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарынан жоғары екенін дәлелдей білді.

Турнир барысында жамбылдықтар алдымен Түркістан облысының тегеурінді командасын 5:4 есебімен жеңді. Бұл ойыннан кейін жігері тасып, шабыттанған жамбылдықтар Жетісу облысының командасынан айқын басымдықпен басып озды – есеп 9:2. Жергілікті көрермендер ерекше қолдау білдірген Алматы облысының құрамасымен болған ойында да жамбылдықтар 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Шешуші кезең – финалдық бәсеке. Бұл сында Жамбыл облысы мен Шымкент қаласының үздіктері алтын медаль үшін айқасты. Екі жақ тең түсіп, бір-бірінің шабуылына лайықты тойтарыс беріп отырды. Нәтижесінде негізгі уақыт 4:4 есебімен тең аяқталды. Қосымша уақытта ойынның тағдырын бір ғана сәт шешті – жамбылдық шабандоз Арнұр Есен шеберлік пен батылдық танытып, «алтын салым» салып, өзінің де, командасының да есімін жеңімпаздар қатарына жазды.

Жарыс барысында жамбылдықтардың ойын мәнері мен тактикалық дайындығы көпшілікті тәнті етті. Командалық рух, шабандоздардың атпен жұмыс істеудегі үйлесімділігі, аттардың дайындығы – бәрі бір арнаға тоғысып, жеңіске жетеледі. Жаттықтырушылар құрамының қажырлы еңбегі мен спортшылардың қайтпас жігері бұл жетістікке негіз болды.

Айта кетейік, Жамбыл өңірі – ұлттық ат спортына бұрыннан ден қойған өңір. Мұнда көкпар, аударыспақ, теңге ілу секілді спорт түрлеріне жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Соның бір дәлелі – осындай республикалық деңгейдегі жарыстарда тұрақты түрде жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр.

Бұл жеңіс – тек спорттық жетістік қана емес, жас буынның ұлттық болмысқа, рухани құндылықтарға деген құрметінің көрінісі. Ұлттық ойын арқылы бірлік пен намыс жолында біріге білген жастар – ертеңгі ел тірегі екенінің дәлелі.