Тараз төрінде — Әкемтеатр

0 12

Тараз төрінде ұлттық рух пен мәдениетке толы тағы бір тарихи сәт тіркелді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ғасырлық мерейтойына бастар жолдағы гастрольдік сапары аясында көне шаһарға табан тіреді. Бұл – қойылым көрсету ғана емес, өнер мен ұлттың тұтастығын паш еткен маңызды миссия. Осыған орай, өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қазақ өнерінің майталмандары Асанәлі Әшімов, Шынар Асқарова, Еркін Жуасбек және Елік Нұрсұлтанның қатысуымен баспасөз брифингі өтті.

Брифинг барысында театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек осы сапардың мән-маңызына тоқталды.

— 2026 жылы қазақ өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов театрының құрылғанына 100 жыл толады. Бұл — тек театр емес, бүкіл ұлттық руханият үшін үлкен белес. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен қазіргі уақытта театр ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ал, біз осы кезеңді шығармашылық серпіліске айналдырып, Қазақстан мен көршілес елдерді аралап, көрерменмен қайта қауышып келеміз, — деді ол.

Айта кетейік, театр труппасы бұған дейін Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан елдерімен қатар Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Жезқазған, Түркістан, Шымкент қалаларында гастрольдік сапармен болған. Ендігі кезек — рухани тарихы терең, өнерсүйер жұртшылығы мол Тараз қаласы.

20-23 мамыр аралығында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театры сахнасында көрермен назарына Үзеир Ғаджыбековтің «Аршын мал алан» мюзиклі (режиссері — Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов), Александр Чеховтың «Сүйікті менің ағатайым» драмасы, Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» драмасы, «Сезім хаттары» атты лиро-эстетикалық поэтикалық кеш және Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасы ұсынылады.

— Бұл репертуарды біз саналы түрде таңдадық. Қойылымдарымызда ұлттық болмыс, көркемдік тереңдік пен қазіргі заманмен үндестік тоғысады. Сонымен қатар, спектакльдер адамзаттық құндылықтар, махаббат, сенім, рухани биіктік жайлы сыр шертеді, — деді Еркін Жуасбек.

Бұл мәдени сапар қойылымдармен ғана шектелмейді. Театр ұжымы тараздық көрерменмен тығыз байланыс орнатып, жергілікті мәдениет өкілдерімен шығармашылық пікір алмасу өткізуді де мақсат етіп отыр.

Ұйымдастырушылар облыс әкімдігіне, мәдениет басқармасына, Асқар Тоқпанов атындағы театр ұжымына және жергілікті ақпарат құралдарына алғыс білдірді.