Құқықбұзушылықтың алдын алу жайы сараланды
Мойынқұм ауданында құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында нақты жұмыстар жалғасуда. Жуырда аудан әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтіп, өзекті тақырыптар талқыланды.
Жиынға аудан әкімі Ермек Карентаев, сала басшылары, құқық қорғау органдары мен мекемелер өкілдері қатысты. Күн тәртібінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен суицидтің алдын алу, интернеттегі алаяқтықпен күрес, есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік және еңбекпен қамту, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету секілді мәселелер қаралды.
Алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін ең күрделі мәселелердің бірі. Бұл дертпен тек бүкіл қоғам болып жұмыла күрескенде ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз, – деді ол.
Одан кейін Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің бастығы Алмас Көпбаев жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу және жабайы қарасора ошақтарын жою жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, бұл бағыттағы іс-шаралар жоспарлы түрде іске асуда.
Сондай-ақ аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Ахан Тналиев сотталғандарды қайта әлеуметтендіру мен бостандыққа шыққан азаматтарды қоғамға бейімдеу мәселесін көтерді. Ол жұмысқа орналастыру, қайта даярлау және медициналық бақылау секілді шаралардың жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Отырыс барысында полиция бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайту, қызметкерлердің қажеттіліктерін өтеу жайы да сөз болды.
Жиын соңында Шу стансасындағы желілік полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ерлан Сеңгірбаев теміржол бойында мал жаю фактілері мен оның қауіпсіздікке тигізер қаупіне тоқталып, бұл бағыттағы бақылауды күшейтуді ұсынды.
Комиссия мүшелері көтерілген мәселелер бойынша өз пікірлерін білдіріп, тиісті ұсыныстарын айтты.
Басқосуды қорытындылаған аудан әкімі Ермек Карентаев құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын одан әрі жүйелі түрде жалғастыру қажет екенін атап өтті.