Заң үстемдігін қамтамасыз ету маңызды
Меркі ауданында қоғамдық тәртіпті нығайту және құқықтық мәдениетті көтеру мақсатында «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бойынша ашық форматта жиын өтті. Аудан жұртшылығымен еркін диалог түрінде өткен бұл кездесуге облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыстағы өкілі Еркін Қуанышев және аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қатысты. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының өкілдері, білім саласының мамандары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ардагерлер мен жастар да бұл жиынға белсене араласты.
Кездесуді ашқан аудан әкімі қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмысты билік пен халықтың бірлесе атқаруы қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, құқықбұзушылықпен күрес – тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген негізгі бағыттардың бірі елде заң мен тәртіптің салтанат құруы екенін еске салды. Ол бұл жұмыстың кешенді түрде жүргізілуі қажет екенін айтып, әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырудың ел болашағы үшін аса маңызды екенін ерекше атап өтті.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев құқықбұзушылықтар жөнінде нақты мәліметтер келтірді. Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы төрт айында облыс көлемінде 36 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Соның ішінде, 4694 дерек Меркі ауданына тиесілі. Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 842 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 395 адам қылмыстық әрекеттері үшін қамауға алынған. Бұдан бөлек, тыйым салынған 709 зат тәркіленіп, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың саны облыс бойынша 3,1 пайызға, ал Меркі ауданында 10 пайызға төмендеген.
Бауыржан Даулетханұлы өз баяндамасында жастар арасындағы құқықтық мәдениетті арттыру, ішімдік пен есірткіге қарсы күрес, сондай-ақ интернет алаяқтықпен күресу сынды мәселелерге де баса назар аударды. Ол әрбір құқық бұзушылық дерегінің артында нақты адам тағдыры тұрғанын айтып, бұл мәселеге қоғам болып бейжай қарамау қажеттігін алға тартты.
Жиын барысында сөз алған Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыстағы өкілі Еркін Қуанышев азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы – кез келген құқықтық мемлекеттің іргелі қағидаты екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың өз құқықтарын білуі және қорғау жолдарын меңгеруі – өркениетті қоғамның негізі.
Кездесу аясында аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева мектеп оқушылары арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол бұл істе ұстаздармен қатар ата-аналардың да жауапкершілігі жоғары екенін айтып өтті.
Ашық диалог алаңына айналған жиын соңында тұрғындар көкейінде жүрген сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды. Қоғам мен билік арасындағы байланыс пен сенімді арттыруды көздеген бұл кездесу құқықтық сауаттылықты арттыруға елеулі серпін берді.