Бауыржан Момышұлы: Тәуелсіздіктің тарихы мен тағылымы

0 1

Облыс әкімдігінің білім басқармасы оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Тараз қаласында Бауыржан Момышұлының әскери және әдеби мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінің мұғалімдері үшін «Бауыржан Момышұлы: Тәуелсіздіктің тарихы мен тағылымы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға Астана, Шымкент қалаларынан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан облыстарынан 215 педагог қатысты.

Іс-шараның пленарлық бөлімінде сөз алған Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкері Біржан Ахмер, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ержан Әмірбекұлы, Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, облыстық ғылыми-өлкетану музейіне қарасты «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Бекет Момынқұл, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті жанындағы «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабай қазақтың аты аңызға айналған әйгілі әскери қолбасшысы, Ұлы Отан соғысында даңқы шыққан стратег және тактик, Кеңес Одағының Батыры, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының өнегелі өмір жолы, өшпес әскери және әдеби мұрасы туралы кеңінен әңгімелеп, қоғамдық қызметі мен тарихи рөлі туралы тың деректер ұсынды.