Жастар таңдауы – саламатты өмір

0 2

Жастарды саламатты өмір салтына баулып, есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта Тараз қаласында айрықша маңызға ие спорттық іс-шара ұйымдастырылды.

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен студенттік спартакиада «Есірткіге қарсы» ұранымен өтіп, білім мен тәрбиені, спорт пен қоғамдық жауапкершілікті ұштастырған үлгілі жобалардың біріне айналды.

Спартакиаданы облыс Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, университет әкімшілігі, қалалық жастар ресурстық орталығы және «Жеңіс» тұлғаны трансформациялау орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Бұл жарыс тек спорттық сайыс емес, қоғамға бағытталған әлеуметтік үндеу – зиянды әдеттермен күрестегі нақты әрекет болды. Шараға қатысқан студенттер спорт арқылы өмірлік құндылықтарды ұғынуға мүмкіндік алды.

– Қазіргі таңда жастардың санасына саламатты өмір салтын сіңіру аса маңызды. Біз бұл арқылы олардың есірткі сияқты зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауына ықпал етеміз. Спорт – тәртіптің, табандылықтың, сергектіктің көрінісі. Сондықтан бүгінгі спартакиада жастарға мықтылық пен денсаулықтың маңызын тағы бір мәрте көрсетті, – деді Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.

Ал, университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек бұл шара студенттердің өмірлік бағытына оң ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жарыстар жастарды спортқа тартып қана қоймай, оларды заңға бағынуға, жауапкершілікті сезінуге үйретеді.

Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша 1-орынды – «Экономика және құқық» факультетінің командасы, 2-орынды – «Жаратылыстану ғылымдары» факультетінің командасы, 3-орынды «Ду Юниверс» командасы жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар кубоктармен, медальдармен және естелік дипломдармен марапатталды.

Бұл спартакиада – жастарды біріктірген, қоғамдық сананы серпілткен, денсаулықты дәріптеген шынайы жеңіс күні болды. Саламатты өмір салты – әр азаматтың саналы таңдауы екенін дәлелдеген іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табары анық.