Жұмыс бар жерде – үміт бар
Облыстық кәсіпкерлер палатасында бұрынғы сотталған азаматтардың қоғамға бейімделуіне және қайта құқықбұзушылыққа бармауына бағытталған «Қайталама құқықбұзушылықтардың алдын алу» жобасын жүзеге асыру бойынша «дөңгелек үстел» отырысы өтті.
Жиынға прокуратура, қылмыстық-атқару жүйесі, жергілікті атқарушы органдар және кәсіпкерлік қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтарға әлеуметтік және еңбекке бейімделу жолында нақты көмек көрсету, олардың жұмысқа орналасуына, кәсіби білім алуына жағдай жасау.
Бұған дейін осы жоба аясында бірқатар уәкілетті мемлекеттік органдар мен облыстық кәсіпкерлер палатасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Аталған құжат арқылы тараптар арасында жауапкершілік пен міндеттер нақты белгіленіп, мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді серіктестік орнады.
«Дөңгелек үстел» барысында меморандум негізінде құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы қабылдаған хаттамалық шешімдерге сәйкес, жүзеге асырылатын шаралар жан-жақты қаралды. Прокуратура өкілдері жобаны табысты жүзеге асыру үшін барлық тараптардың бірлесе қимылдап, белгіленген мерзімдер мен міндеттемелерді бұлжытпай орындауы қажеттігін атап өтті.
Жиын барысында нақты нәтижелер де айтылды. 2025 жылдың алғашқы үш айында облыстық қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты бес түзету мекемесінде еңбекке жарамды 1449 адамның 993-і жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш – қайта қылмыс жасаудың алдын алудағы ең маңызды құрал – тұрақты жұмыспен қамтудың тиімділігін дәлелдейді.
Осындай кешенді қолдау арқылы қоғамнан шет қалған азаматтарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік беріледі. Бұл – адам құқығын қорғау, әлеуметтік әділеттілік пен қоғамдық қауіпсіздікке жетудің маңызды жолы.