Бірлік күні кең көлемде аталып өтті
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты мерекелік іс-шара өтті.
Этнос өкілдері ұлттық киімдерін киіп, өз ұлттарының ұлы құндылықтарын көпшілікке көрсетіп, спорт түрлерінен сайысқа түсіп, достық дастарханын жайып, ұлттық тағамдарынан дәм ұсынды.
Іс-шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев көпшілікті мәні мен мағынасы зор мерекемен құттықтады.
– Біз бірлік пен келісімнің арқасында тәуелсіз мемлекетті қалыптастырып, зор жетістіктерге жеттік. Түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ пен бір тудың астынан табылып, еңселі ел, іргелі мемлекетке айналдық. Ынтымағы жарасқан Жамбыл жерін мекен ететін 87 этнос өкілі еліміздің тұрақтылығына атсалысып, өңірдің қай саласында болсын елеулі еңбектің үлгісін көрсетуде. Мемлекет пен қоғам арасында сындарлы диалог орнатуға өңірдегі 78 этномәдени бірлестік өз ықпалын тигізуде.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, ынтымағы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болары сөзсіз. Бейбітшілік пен ортақ келісім болған жерде ел игілігі үшін нәтижелі істер де жасалатыны анық.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ассамблеяның ХХХІV сессиясында жүктеген міндеттерін жамбылдықтармен бірге жемісті жүзеге асыратынымызға сенімім мол.
Баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін! – деді облыс әкімі.
Салтанатты іс-шарада өңірдің этносаралық келісімін нығайтуға елеулі үлес қосқан жамбылдықтарға марапаттар табысталды. Облыс әкімі Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес бірқатар азаматқа «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» медалін, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, сондай-ақ Құрмет грамотасы мен Алғысхатын табыстады.
Бұдан әрі мерекелік іс-шара этномәдени бірлестік өкілдері мен К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармония әртістерінің концерттік бағдарламасына ұласып, «Достық» биімен түйінделді.
Сонымен қатар, бұл күні облыс орталығында 700 адамның қатысуымен ҚХА-ның 30 жылдығы мен Қазақстан халқының бірілігі күніне орай «Бірлік жүгірісі» атты жеңіл атлетикалық жарыс өткізілді.