Алдын алу шараларын күшейтті

0 2

Облысымызда жасөспірімдер қылмысының алдын алуға және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталған «Жасөспірім» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер барлық білім беру мекемелерінде, облыстың  көше-жол тораптарында  және әлеуметтік желілерде алдын алу шараларын күшейтті. Тәртіп сақшылары қандай да бір дерекпен  полицияның назарына түскен ата-аналар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдерге ерекше назар аударуда.

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторингі барысында Жамбыл ауданының  Бектөбе ауылындағы көлік базарында жүргізушілерге автокөлік құралдарын жарнамалау мен сатуда өз қызметтерін ұсынған бір топ жасөспірімге қатысты шағым жасалғаны анықталды. «Клиенттерді » тартуға тырысқан  балалар жолдың қозғалыс бөлігіне  шығып кетіп, апатты жағдайлар туындатып, өз өмірлеріне де қауіп төндірген.

Жүргізілген жұмыс  нәтижесінде «кәсібін» жандандырмақ болғандардың екі заңды өкілі ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы (қоғамдық орындарда тиісу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық жасөспірімдердің ата-аналарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Айта кетерлігі, 19 күндік рейдтік іс-шара барысында полицияға 1404 кәмелетке толмаған бала жеткізілді. Сондай-ақ 1440 әкімшілік құқықбұзушылық, оның ішінде ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаудың 147 жағдайы және 21 жасқа толмаған адамдарға алкогольдік ішімдіктер сатқан кәсіпкерлер тарапынан жасалған 13 бұзушылық дерегі анықталды.

Сағат 22:00-ден кейін ата-анасының еріп жүруінсіз жасөспірімдердің ойын-сауық орындарында болуына байланысты бұзушылықтарға ерекше назар аударылды. Нәтижесінде 1207 заңды өкіл мен 29 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Профилактикалық есепке 37 қолайсыз отбасы және 63 жасөспірім қойылды.

Мұндай іс-шараларды өткізу өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз құқықтық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.