Адам құқықтары – басты құндылық
Байзақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында маңызды жиын өтті. Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов төрағалық еткен кездесуде Адам құқықтары жөніндегі Уәкілінің облысымыз бойынша өкілі Еркін Қуанышев баяндамасын жасап, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызы туралы ақпараттармен бөлісті.
Еркін Қуанышев өз сөзінде Қазақстан Республикасының Конституциясындағы адам құқықтары мен бостандықтары, БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясы негізінде қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының мәні мен міндеттері туралы кеңінен айтты. Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл туралы Конституциялық заңның негізгі ережелерін түсіндіріп, адамның құқықтарын қорғау жүйесі мен тетіктерін нақтылап берді.
Еркін Тілешұлы атап өткеніндей, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысында Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың өкілдігі 211 арыз-шағымды қараған. Ал, 2025 жылдың бірінші тоқсанында 34 өтініш түскен, оның 27-сіне түсініктеме беріліп, жетеуі қанағаттандырылған.
– Құқықтық ағарту жұмыстары бойынша өкілдік 62 іс-шара өткізді. Сонымен қатар, 4 мақала жарияланып, телеарна мен радиода 3 сұқбат берілді. Құқықтарды қалпына келтіру мақсатында 15 ұсыным енгізіліп, тәртіптік немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін екі өтінішхат жолданды, – деп атап өтті Еркін Қуанышев.
Еркін Тілешұлы жастар мен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ ата-аналардың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі туралы да ойымен бөлісті. Оның пікірінше, жастарға бағытталған құқықтық ағарту жұмыстарын күшейту – қоғамдағы тәртіп пен тыныштықты сақтаудың басты факторы.
Сондай-ақ кездесуде «Медиация институтын ілгерілетудегі ҮЕҰ мен қоғамдық ұйымдардың рөлі» тақырыбында облыс әкімдігі білім басқармасы жанындағы білім беру ұйымдарының медиаторлар кеңесінің төрайымы, ҚХА медиаторы Ғайни Көшекбаева сөз сөйледі. Баяндамашы медиацияның қоғамдағы рөліне және білім ошақтарындағы медиация кабинеттерінің маңыздылығына ерекше назар аударды.
Жиынның соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алынды. Кездесу аяқталған соң, Еркін Қуанышев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді.
Мұндай жүздесулер Түймекент және Суханбаев ауылдық округтерінде де өткізілді. Онда тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікірлерін білдіріп, сұрақтарына жауап алды.