Өз ісінің нағыз шебері

0 6

Теміржол – ел экономикасының күретамыры. Бұл саладағы әрбір қызметкер, әсіресе, тепловоз және электровоз машинистері – қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі тұлғалар. Осындай білікті мамандардың бірі – тепловоз машинисі Ғани Серікбаев.

Қырық деген қырқаға таяп қалған Ғани Мәлікұлы 2010 жылы Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Көлік, көлік техникасы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Алайда, оның теміржол саласындағы еңбек жолы 2004 жылы басталған. Сол жылы еңбек жолын «Камкор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде слесарь және аға шебер болып бастаған кейіпкеріміз теміржол саласында мол тәжірибе жинақтаған. Кейін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – «Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі» Жамбыл пайдалану локомотив депосында тепловоз машинисінің көмекшісі қызметін атқарады. 2019 жылы Тараз оқу орталығында машинист курсын сәтті аяқтап, 2020 жылдың сәуір айында тепловоз машинисі лауазымына тағайындалады.

– Әкем де осы салада қызмет атқарды. Бала күнімде оның жұмысын көріп, теміржолшы болуды армандадым. Ақыры осы салаға келіп, машинист мамандығын игердім. Қазір ойласам, бұл менің ең дұрыс таңдауым болған екен. Біздің жұмыс темірдей тәртіпті талап етеді. Кестеден кешікпеу, қауіпсіздікті сақтау – басты міндетіміз. Кез келген ауа райында күн демей, түн демей пойызды жүргізуге дайын болуымыз керек. Осы жағынан біздің жұмыс әскери қызметке ұқсайды. Себебі, бізге де жоғары деңгейдегі тәртіп пен қырағылық қажет, – дейді Ғани Серікбаев.

Машинистер тек пойызды жүргізіп қана қоймай, оның техникалық жағдайын жіті қадағалап, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс. Олар әр сапар алдында локомотивтің техникалық жай-күйін тексеріп, қозғалыс барысында белгіленген жылдамдық пен кестені сақтауға міндетті. Әрбір шешімнің жолаушылар мен жүктің қауіпсіздігіне әсер ететінін ескерсек, машинистердің рөлі ерекше маңызға ие.

Ғани бүгінде «Тараз-Қаратау-Жаңатас» бағытында жүк пойызын жүргізеді. Ол зауыттардан шыққан жүкті, азық-түлікті және басқа да тауарларды тасымалдаумен айналысады.

– Біз көбіне жүк тасымалымен айналысамыз. Зауыттардан шыққан өнімдерді, азық-түліктерді тиісті орынға жеткіземіз. Күнделікті сапарымыз 12 сағатқа дейін созылады. Бұл – оңай жұмыс емес, бірақ мен өз мамандығымды мақтан тұтамын, – дейді машинист.

Ғани Мәлікұлы өз қызметін мінсіз атқарып қана қоймай, депоның қоғамдық өміріне де белсене араласады. Әріптестерімен тәжірибе алмасып, жастарға тәлімгерлік етеді. Теміржол саласындағы жаңа технологиялар мен қауіпсіздік стандарттарын меңгеруге ерекше көңіл бөледі. Техникалық білімін үнемі жетілдіріп, жаңа әдістерді үйрену арқылы өз біліктілігін арттыруда. Бұл тек жеке дамуға ғана емес, жалпы теміржол қозғалысының сапасын жақсартуға да ықпал етеді.

Әріптестері оның еңбекқорлығы мен кәсібилігін жоғары бағалайды. Локомотив депосының машинисі Қуаныш Омаров кейіпкеріміздің өз ісінің нағыз шебері екенін, тәжірибелі, білікті маман ғана емес, сондай-ақ әріптестеріне әрдайым көмектесуге дайын тұратын нағыз жанашыр жан екендігін айтып өтті.

Ғани Мәлікұлы сияқты өз ісіне берілген мамандар – осы саланың басты тірегі. Олардың қажырлы еңбегі ел экономикасының дамуына, теміржол саласының ілгерілеуіне зор үлес қосуда.