Жүгеріні терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды

0 4

Облыста «Shengtai Biotech Co., Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүгеріні терең өңдеу бойынша ауқымды инвестициялық жобасын жүзеге асыру басталды. «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба Шу ауданында жүзеге асырылып жатыр. Бұл зауыт еліміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі ең ірі жобалардың біріне айналмақ.

​Зауыттың іргетасын қалау рәсіміне қатысқан аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

​– Ел Президенті өңделген ауылшаруашылығы өнімдерінің үлесін 70 пайызға жеткізу межесін қойды. Басым бағыттардың бірі – дәнді дақылдарды терең өңдеу. Бүгінгі жоба – бұл міндеттің іс жүзінде жүзеге асуының жарқын көрінісі. Зауыт егістіктен бастап тұтынушыға дейінгі қосылған құны жоғары өнім өндіретін біртұтас жүйені қалыптастырады. Бұл бірегей жоба Қазақстанның барлық оңтүстік өңірлерінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға тың серпін беріп, жергілікті ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге тұрақты табыс әкеледі, – деді Ербол Шырақбайұлы.

Жобаның бастамашысы – биоөнімдерді өндіретін халықаралық «Fufeng Group» компаниясы. Инвестиция көлемі шамамен 420 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың қуаттылығы жылына 500 мыңнан 1 миллион тоннаға дейін жүгері өндіруге жетіп, 3 миллион тоннаға дейін өседі деп жоспарлануда. Жоба құрылыс кезеңінде 6000 жұмыс орнын ашуға, ал пайдалануға берілгеннен кейін 1500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бастапқы кезеңде 400 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Өз кезегінде сөз алған «Fufeng Group Limited» компаниясының басқарма төрағасы Ли Сюэчунь ұзақ мерзімді инвестициялық ынтымақтастық туралы айта келе, бұл орайда Жамбыл облысының әлеуеті зор екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға алғысын білдірді.

​Биыл 2026 жылдың өнімін өңдеу үшін компания 300 мың тонна жүгері сатып алуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын жамбылдық шаруалармен офтейк-келісімшарттар жасасып, өзара тиімді әріптестіктің берік негізін қалауды көздейді. Жүгеріні терең өңдеу қосымша құны жоғары өнімдер – аминқышқылдары, крахмал, глюкоза алуға мүмкіндік береді. Дәнді дақылдардың қалдықтарын мал азығы ретінде пайдаланып, қалдықсыз өндіріс жолға қойылады деп жоспарлануда.