Шайыр ақынмен шырайлы жүздесу
Кезіндегі қазақ-совет, одан кейінгі Тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық әдебиетте орындары ерекше Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Айша Көпжасарова мен Күләш Ахметова сынды хас ақындармен қатар басқан һәм олармен тең дәрежеде иық теңестірген десек, заңды бағасын бергендік деп қабылданатын Шырын Мамасерікованы 80 жасына орай ұлықтау іс-шаралары өз жалғасын табуда.
Жақында №22 ЖОББМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Перуза Батырбекова мен мектеп кітапханашысы Света Шомбаеваның ұйымдастыруымен Шырын Мамасерікованың шағармашылығына арналған «Нәзік нақыш өрнегі, арнау сөздің шебері» атты тәлімді кеш болып өтті. Ұлттық нақышта безендіріліп, қазақ құндылығын болашаққа аманаттауға қауқарлы саналатын «Даналық мектебі» бөлмесінде өткен кездесу кешіне өлеңі мен өмірі елге таныс Шырын Бөкейқызы, мектеп директоры Бауыржан Бектұрғанов, Шырын апаларының шығармасына барынша тәнті педагогтар мен жырсүйер мектеп оқушылары қатысты.
«Нәзік нақыш» атты көздің жауын алар кітап көрмесі ұйымдастырылып, ә дегеннен емен-жарқын форматта басталған кешті мектептің музыка пәнінің мұғалімі Диас Шөпшекбай жүргізді.
– Көкірегіне құс ұя салған иісі қазақтың ақын қызы Шырын Мамасерікова апамыздың лирикаға толы нәзік жырларымен сусындап келеміз. Киелі Тараз өңірінен қанат қағып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының ақыны атанған Шырын Бөкейқызының есімі бізге етене таныс. Ол кісінің жүрек тебірентер жырлары оқырманның көңіл пернесін басып, адалдық, пәктік, іңкәрлік, сүйіспеншілік, патриоттық сезімдерге жетелеп, сарғайған сағыныштың ауылын аралатып, жүректің назды үнімен, көңілдің сазды әуенімен өзге бір әлемге жетелейді. Ақынның толғанған, күй ақтарып, сыр шерткен тақырыбы да сан түрлі. Сыршыл ақын Шырын апа жан дүниесіндегі тылсым сезімді бүкпесіз ашып, толқытқан ойларын оқырманға жолдайды. Тұңғиығына үңілгендердің рухани дүниесімен астасып, сезім қылын шертеді, – деп бастаған жүргізуші ақын өмірбаянымен таныстырған соң, сөз кезегін мектеп директоры Бауыржан Бектұрғановқа ұсынды.
Шырын Мамасеріковаға әдебиет әлемінде қалыптасқан өзіндік қолтаңбасы арқылы, әсіресе, жас буын өкілдерінің рухани дамуына үлгі болар тәлім мен тәрбиеге толы шығармалары үшін алғысын жеткізген Бауыржан Тілешұлы мектеп ұжымының шақыртуын қабыл алған ақын апайымызға ризашылық білдіріп, сый-сияпатын ұсынды.
Ашық әрі ерекше сарында өткен кездесу барысында кеш қонағы Шырын Мамасеріковаға мектеп өнерпаздарынан құралған хор мүшелері «Меркі жұлдыздары», алдынан зор үміт күтуге болатын 4-сынып оқушысы Ерсайын Шалқар «Туған жер», «Қазақ елі» әндерін, 5-сынып оқушылары «Гүлдер», 6-сынып оқушылары «Стиль», ал, 3-сынып оқушылары «Қазақ» биін тарту етті.
Жүздесудің екінші бөлігінде Шырын Мамасерікова мектеп кітапханасында болып, тұрақты оқырмандармен кездесті. Мектеп кітапханашысы, өз ісінің білгір маманы Света Сағындыққызы «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Балалар кітапханасы» бағдарламасы бойынша Әулиеата өңіріндегі кітап оқу жылына орай «Өлеңі мен өмірі елге таныс» атты іс-шара ұйымдастырған екен.
Кездесу кезінде Шырын Бөкейқызының шығармашылығына қызығушылықпен қарап, оны өздеріне рухани азық ретінде қабылдайтын мектеп білімгерлері ақын апаларының өлеңдерін жатқа айтса, сұрақ-жауап бөлімінде Шырын Мамасерікова оқушылардың ақындық өмірі мен қалыптасу жолы турасындағы сауалдарына жауап берді.