Ерланның қолынан келмейтіні жоқ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», деген еді. Адал еңбек пен ізгіліктің жарқын үлгісі болған осындай азаматтардың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының дәнекерлеуші маманы Ерлан Мұрынбаев.
Ол 1968 жылы Қордай ауылында дүниеге келген. 1983 жылы №3 Абай Құнанбаев атындағы сегіз жылдық орта мектепті аяқтаған кейіпкеріміз кәсіп игеруге ынталанып, Бетқайнар ауылындағы училищеге қабылданады. Араға үш жыл салып «тракторшы» мамандығын алып шығады. 1986-1988 жылдар аралығында Украинада Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтады. Әскерден елге оралған соң, еңбек жолын 1989 жылы «Путь Ленина» колхозында бастаған Ерлан Сәкенұлы дәнекерлеуші лауазымында он жылға жуық қызмет атқарды. Жауапкершілік жүгін сезінген жігіт ағасы кезінде тіршілігі қайнаған цемент зауытының да дәнекерлеушісі болды.
«2016 жылдан бері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының дәнекерлеушісімін. Ауыл баласы болғандықтан, ерте жастан еңбекке араласып, өстік. Ал еңбектің жалпы адамзатты тәрбиелейтінін, жауапкершілікке баулитынын ақыл тоқтатқан азаматтар айтпай-ақ ұғады. Жалпы дәнекерлеу ісін ауылдасымнан үйрендім. Кейінірек нантабар кәсібіме айналды», — дейді темірден түйін түйген дәнекерлеуші. Кейіпкеріміздің бұл салада еңбек етіп жүргеніне 36 жыл болған.
«Ерланның қолынан келмейтіні жоқ», дейді қасында жүрген әріптестері. Қызметі дәнекерлеуші болғандықтан жоғары кернеулі электр қуатымен дәнекерлейтін аппараттың қыр-сырын жетік меңгергендігін, берілген тапсырманы лезде орындайтын қасиетін коммуналдық шаруашылық басшысы Қуаныш Байжігітов жоғары бағалауда.
«Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деп дана Абай айтқандай расында да, адам баласы пайда болғаннан бері өзінің қажеттілігін тек еңбек арқылы қамтамасыз етіп келеді. Түздегі тіршілікпен үйдегі берекені қатар ойлап, қарапайым ғана еңбек адамдарына үлгі – өнеге болып жүрген Ерлан Сәкенұлының жұмысы осындай.