Жамбылда туристер саны жиырма жеті пайызға артқан
Жамбыл облысына іссапармен келген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында мәдениет, спорт және әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті. Алқалы кездесуде әлеуметтік сала бойынша ұтымды ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев кездесудің негізгі мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында көтерген бастамаларын түсіндіру екенін еске салды. Мемлекет басшысы туризм саласын дамытуға баса көңіл бөлгенін алға тартқан облыс әкімі өткен жылы өңірге келген туристер саны 27 пайызға артқанын атап өтті.
– Расында, мәдениет сондай-ақ жалпы идеология саласында атқарылып жатқан жұмыс көп. Дегенмен, әлі де іске асырылатын шаруалар бар. Мәселен, өткен жылы Жамбыл жұртшылығы облыстың құрылғанына 85 жыл толуын жоғары деңгейде атап өтті. Көне заманнан басталатын тарихымызды түгендеп, оны келер ұрпаққа жеткізу – басты міндетіміз. Президентіміз Жамбыл облысында туризм саласын дамытуға мән беріп отыр. Сондай-ақ 18 туристік бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Облыста 40 негізгі нысан арқылы өтетін 10 жаңа нысан әзірленді. 3 туристік нысанға баратын жол және 2 туристік нысанға газ құбырын жүргізу жоспарланып отыр. Туризм саласында жалпы құны 17,6 миллиард теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Биыл туризм саласын дамыту мақсатында 10 ауқымды іс-шара өткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда ұлт денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, денсаулық саласын дамыту мен бұл салаға инвестиция тартуды жалғастыру қажеттігін баса айтты. Облыста өткен жылы 22 денсаулық сақтау нысаны беріліп, бір ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 18 диагностикалық техника, 38 санитарлық көлік сатып алынды. Биыл 4 нысанды ел игілігіне беру және 6 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар, – деген Ербол Қарашөкеев жас желкеннің сапалы білім алуы үшін «Жайлы мектеп» жобасы аясында Шөлдала елді мекенінде бір, Қордай ауданында екі білім ошағының пайдалануға берілетінін де атап өтті.
А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының актері Асқарбек Сейілхан өз сөзінде театр саласындағы жағымды жаңалықтар мен жаңа қойылымдар жайлы хабардар етті. Биыл өңірдегі өнердің қарашаңырағы А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының 90 жылдығын кең көлемде атап өту күтілуде. Осыған орай өнер қайраткері бір ғасырға жуық халықты өр өнермен сусындатып келе жатқан театрға академиялық атақ берілсе деген ұсынысын жеткізді.
«Айша бибі» емдеу-сауықтыру орнының бас дәрігері Райқұл Нұржанов Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайда есірткі саудасы, нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, агрессия, вандализм және ысырапшылықтардың таралуына тосқауыл қоюға шақырғанын айтып, «бұл – болашақ ұрпағымыздың денсаулығына, олардың психо-эмоционалды жағдайына оң әсер етеді», деді. Сонымен қатар, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 4-ші курс студенті Құттыбек Нұрғалиұлы алдағы 26 сәуір күні «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарихшы Өзбекәлі Жәнібековтің құрметіне «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты облыстық байқау ұйымдастырып жатқанын айтып, алдағы 2026 жылды «Мәдениет жылы» деп жариялауды ұсынды.
Жиынды қорытындылаған Мәлік Отарбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Ұлттық Құрылтайда айтқан идеялары мен бастамаларына жан-жақты тоқталып, алдағы міндеттерді жүзеге асыру жайын сөз етті. Мемлекет басшысы бағдарламалық баяндамасында бес негізгі мәселені көтергенін атап өтті.
– Әулиеата өңірінде тек өнеркәсіп пен өндірісте ғана емес, мәдениет пен денсаулық сақтау салаларында да көптеген жаңалықтар бар. Мұның бәрі – Ұлттық Құрылтайда Президент айтқан «Қуатты аймақ – қуатты ел» ұлттық тұжырымдамасына сай келеді. Әрине, күнделікті күйбең тіршілікте көптеген мәселені алға тарта береміз. Себебі, еліміздің тәуелсіздігін сақтау – баршаның міндеті. Алдымызда тәуелсіздігіміздің 40 жылдығын атап өту межесі тұр. Біз осынау күнді атап өте отырып, мемлекетіміздің Мәңгілік ел болу жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Өйткені, ең маңызды мәселе – мемлекетімізді сақтап қалу, – деген Президент кеңесшісі жамбылдықтардың Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыру жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.
Президент кеңесшісінің өңірге жасаған сапары Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде имамдармен кездесуге жалғасты. Оны облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, жүргізді. «Ұлттық Құрылтайда көтерілген рухани-мәдени мәселелер, дін мәселесі қашанда өзекті. Сол мәселелер бойынша сіздермен ой бөлісуге, өзінің ұстанымдарын түсіндіруге Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы келіп, сіздермен жүздесіп отыр», деді Серік Сәлемов.
Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев Құрылтайда халықтың аса өзекті мәселелері қозғалғанын, оның ішінде руханият пен діннің алатын орны жоғары екенін айтып өтті. Облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы, дінтанушы Бақтияр Алпысбаев Мемлекет басшысының дін мәселесіне үнемі назар аударып отырғанына еске сала келе, мемлекетімізде түрлі діни ұстанымға шектеу жоқ екеніне тоқталды. Бірлік пен ынтымақты сақтауда діннің рөлінің зор екенін атап өтті.
Мәлік Отарбаев өз сөзінде Ұлттық Құрылтайда айтылған негізгі бағыттар мен өзекті мәселелер жайына тоқталды.
– Өздеріңіз жақсы білетіндей, былтыр өткен Құрылтайда да қоғамды мазалап жүрген ең өзекті мәселелер көтерілді. 53 бағыттан тұратын арнайы Жарғы бекітілді. Президент сол құжатқа қол қойды. Президент дін мәселесі туралы үнемі айтады. Діннің идеологиялық рухани жағынан үлкен орны бар. Дін – елді біріктіруші, ізгі бағытқа ұйыстырушы күш. Егер дін халықты ізгілік пен ынтымақ жолына біріктіре алмаса, діннің өзі мәселеге айналады. Діннің нәзік тұсы бар. Біз зайырлы мемлекетпіз. Бірақ, зайырлы деген ұғымның ауқымы өте кең. Біздің мемлекет әр көзқарасқа құрметпен қарайтын дінді қолдайды. Дін саясатына жеңіл қарауға болмайды. Көпшілік тұрғындардың дінге бет бұруы көбейсе, ол бізді қуантады, – деген Президент кеңесшісі азаматтар Жаратушы, Отан және Мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезінсе, қандай асуды да алатынымызды әдемі жеткізді. Имамдар ұлт руханиятының дамуына зор үлес қосып жүргенін, былтырғы Қазақстанның жартысына жуық өңірді қамтыған су тасқынында, Түркістан облысының Арыс қаласындағы, Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймалардың жарылысы кезінде жұртты сабырға шақырғаны үшін имамдарға үлкен алғыс айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов кездесуді қортындылап, Президент кеңесшісіне өңірге арнайы келіп, әр саланың өкілдерімен кездескені үшін ризашылығын білдірді.
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың облысымызға жұмыс сапары аясындағы кездесулерінен туризм, басқа да салалардағы жетістіктерге тағы бір көз жеткізгендей болдық.