Адал еңбек абыройға жетелейді

0 1

Президентіміздің Жарлығымен биылғы «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында түрлі еңбек адамдары газет-журналдар мен телеарналарда көрсетіліп, мектептер мен түрлі оқу орындарында және кітапханаларда кездесулер өткізіліп жатқаны белгілі. Сондай кездесулердің бірі Ғани Мұратбаев атындағы кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы А.Гайдар атындағы №35 мектепте «Жасыл ел – Тараз» серіктестігінің жұмысшысы Ербол Жұмасаевпен өтті.

«Жұмысшы еңбегі қадірлі» тақырыбында өткен кездесудің мақсаты – оқушыларды жұмысшылардың еңбегін бағалауға, құрметтеп жүруге шақыру және өскенде мамандық таңдаудан жаңылмай, қай салада жұмыс істесе де ел ертеңі үшін аянбай тер төгу керектігін, әрі атақ пен абыройға тек ерен еңбек арқылы бөленуге болатынын саналарына сіңіру. Кездесуді ашқан кітапхана меңгерушісі Жаңагүл Ахумбекова еліміздің де, жеріміздің де еңбекпен көркейетініне және жұмысшы мамандықтарының қоғамда алар орны ерекше екеніне кеңінен тоқталып, сөзін «Қашанда еңбек адамы – ел мақтаны» деп түйіндеді.

Бұдан кейін сөз алған кеш қонағы, көгалдандыру ісінің шебері Ербол Мейірбекұлы өзінің бүгінге дейін жүріп өткен еңбек жолы мен жеткен жетістіктерін әңгімелей келе, әркім талмай іздену мен талпынудың арқасында ғана өзі қалаған мамандығының хас шебері болатынын түсіндіріп өтті. Сондай-ақ кейіпкеріміз өзіміз тұрып жатқан өңірдің тазалығы мен көгеріштенуі бәрімізге ортақ екенін де айтып, қоршаған ортаны ластамай, таза ұстауға шақырды.

Тақырыпқа байланысты қойылған түрлі сұраққа тұшымды жауап берді. Өз кезегінде жиналған көпшілік қазіргідей жеңіл-желпі, мән-мағынасыз дүниелер мен оңай жолмен танылғысы келетін талантсыздардың қаптап кетіп, одан халықтың жалыға бастаған кезінде биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялап, өздері көріне бермесе де, еңбектері ерен жандардың танылуына мүмкіндік туғызған Мемлекет басшысына алғыстарын айтты.

Мұнан соң көпшілік назарына «Мамандықты қалай таңдауға болады?» тақырыбында бейнетаспа ұсынылды. Сонымен қатар, мектеп өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, кездесудің көркін кіргізді. Кітапхана ұжымы Ербол Жұмасаевқа алдағы уақытта да ел алғысын арқалап, еңбегінің жемісті болуына тілектестік білдірді.

Соңында «Еңбек – ырыс, байлығың» атты кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылып, кітапханашы Ұлжан Бейсенова жазушы Серікқали Бисақаевтың «Еңбек қауіпсіздігі және заңнама» кітабына библиографиялық шолу жасады. Кешке жиналғандар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, әдемі әсермен тарқасты.