Ұлттық рух ұлықталған күн
Биыл Ұлыстың ұлы күні жоғары деңгейде тойланды. Көңілге жылылық сыйлаған ұлттық мейрам тіпті, сәуірде де жалғасты. Жақында Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары мен оқушылары және ата-аналардың қатысуымен Наурыз мерекесі аталып өтті.
Мектеп ұжымы мен оқушылардың және ата-аналардың бірлескен еңбегі мерекенің мазмұнын байытып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Наурыз мейрамын ерекше ықыласпен қарсы алуға құлшыныс білдірген оқушылар шат-шадымен күлкісімен мерекенің шырайын кіргізді. Салтанатты жиын шымылдығын түрген сәттен-ақ сахна төрінде ұлттық өнер мен мәдениеттің айшықты көріністері орын алды. Ұл балалар біркелкі сап түзеп, домбыраның күмбірлеген үнімен күй тартса, қыз балалар нәзік қимылдарымен мың бұрала билеп, дала сәнін келтірді. Мерекелік іс-шара барысында қазақтың көнеден келе жатқан наным-сеніміне сай әр сөзінен шуақ төгілген Қыдыр ата көпшілікке ақ батасын берді. Осы сәтке үйлесімді түрде бір топ әжелер құт-берекенің нышаны ретінде шашу шашып, «жиған-тергенің мол болсын» деген игі тілектерін жолдады.
Ашылу салтанатында Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Гүлнұр Мақсұтова сөз кезегін алып, жиналған қауымды Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтады. Ол өз сөзінде оқу ордасының жетістіктерін тілге тиек етіп, ақжарма тілектерін ақтарды. Құттықтаулар легінен соң сахнаға «Ару әжелер» ансамблі шығып, әуезді әндерімен көрермен көңілін көтерді. Әсем әннен кейін рухани-танымдық мәні зор интеллектуалды ойын ұйымдастырылып, қатысушыларға Наурыз мейрамы мен қазақ халқының салт-дәстүрлеріне қатысты мазмұнды сұрақтар қойылды. Ой ұшқырлығымен ерекшеленіп, көп ұпай жинаған қатысушыларға арнайы сый-сияпаттар табысталды.
Наурыз тойының көркін қыздырған тартымды нөмірлердің бірі көнеден келе жатқан, бүгінде ұмыт бола бастаған ұлттық ойын ләңгі болды. Қазақ халқының шымырлық пен ептілікті қатар талап ететін төл ойыны дәл осы кеште қайта жаңғырып, мерекенің жарқын бөлігіне айналды. Аталмыш сайысқа қатысуға ниет білдірген қатысушылардың саны аз болмады. Қарасы қалың көрерменнің қошеметімен алаңға шыққан әр қатысушы жеңіс тұғырынан көрінуге барын салды. Олар аяқтары талғанша ләңгі теуіп, шеберліктерін паш етті. Бірінен бірі озуға тырысып, ешкім жеңіліс дәмін татқысы келмей, бар ынтасымен соңына дейін күресті. Әрине, кез келген жарыстың табиғаты сол, біреу жеңіске жетсе, енді біреу сүрінеді. Ләңгі тебу жарысында екінші орын иеленген қатысушының айтуынша, жеңіс тұғырынан көрінуіне небәрі бір ғана ұпай жетпей қалыпты.
Наурыз мейрамы мектеп ауласындағы үлкен спорт стадионының аумағында өтті. Мерекенің салтанатты сипатын айшықтай түсу үшін алаңға жеті бірдей киіз үй мен қосымша екі кең шатыр тігіліп, әрбір киіз үйге алдын ала бекітілген сынып оқушылары жайғастырылды. Киіз үйдің әрқайсысы жеке сыныптарға тиесілі болып, олардың безендірілуі мен ішкі жабдықталуына сол сыныптың ата-аналары жауапты ретінде бекітілген. 12 «Б» сыныбының ата-аналар комитетінің төрайымы Балақыз Үшкемпірқызының айтуынша, Наурыз мерекесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы ата-аналар мен мектеп ұжымының бірлесе отырып жасаған үйлесімді еңбегінің нәтижесі. Оның сөзінше бұл мереке тек ұлттық салт-дәстүрді ұлықтауға бағытталған іс-шара ғана емес, сонымен қатар мектеп пен ата-аналар арасындағы байланысты нығайтатын тәрбиелік мәні зор ортақ іс-шара ретінде де маңызды рөл атқарады.
Салтанатты іс-шара барысында арқан тартыс, қол күрес, би жарыс секілді ойындар ұйымдастырылып, кеш көркін қыздыра түсті. Белсенділік танытқан оқушыларға арнайы дайындалған сый-сияпаттар табысталып, жеңімпаздарға жоғары дәрежедегі жүлделер тағайындалған. Сондай-ақ барша қонақтарға наурызкөже таратылып, шет елден келген азаматтар қазақ дастарқанынан дәм татты.
Ұлттық іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.