Мәңгілік ерлікке құрмет

0 12

Мойынқұм өңірінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ел тарихындағы ең ауыр жылдарда ерлікпен ел қорғаған жауынгерлерге тағзым ретінде бірқатар ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Тарихи және мәдени нысандар жаңартылып, ұрпақ санасына елдік рухты сіңіруге бағытталған нақты істер атқарылуда.

Аудан әкімі Ермек Карентаев жуырда аудан орталығындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған мемориал кешенінің жаңғыртылу жұмыстарымен танысты. Бұл мемориал — отты жылдары от кешіп, ел үшін жанын қиған жерлестерімізге деген шексіз құрметтің символы. Аудан басшысы мердігерлердің жұмыс сапасы мен мерзімді сақтауына айрықша мән беріп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

– Бұл ескерткіш тек өткеннің естелігі емес, бүгінгі мен ертеңгі буынға тәлім-тәрбие берер тағылымды орынға айналуы тиіс, – деді Ермек Амангелдіұлы.

Сапар аясында аудан басшысы Бірлік ауылында орналасқан, Дүйсен Асанбайұлының есімімен аталатын Жеңіс саябағында да болды. Қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатқан саябақта болашақта балаларға арналған заманауи ойын алаңы, жаңартылған «Обелиск» ескерткіші, ересектерге арналған спорт алаңшасы мен толық абаттандырылған демалыс аймағы пайда болады. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен тарту болмақ.

Жеңіс күні қарсаңында қолға алынған бұл игі істер – өткенге тағзым, бүгінге тағылым, болашаққа аманат. Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Қаһарман бабаларымыздың рухына деген құрмет – ұлттың рухын көтерер басты мұрат.