Тиімділігі мол медиация

0 2

Қазіргі уақытта «Билер кеңесі», «Татуластыру орталықтары» құрылып, істі «татуластырушы судьяның» қатысуымен Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңын қолданып, істерді бітімгершілікпен аяқтауда. Ең бастысы — тараптардың шығыны шықпайды, уақыты кетпейді және олар достық қарым-қатынаста қалады.

Соған байланысты Азаматтық процестік кодекске өзгерістер енгізілуде, тараптар сотқа талаптарын берер алдында соттан тыс реттеу тәртібін сақтап оны қолданудың мүмкіндігі беріледі. Медиацияның мүмкіндіктері, мақсаты мен пайдасы туралы әлі де жеткілікті деңгейде біле білмейтіндер бар. Тіпті, дауды татуласумен, медиация тәртібімен реттеуге ниет білдірмейтін жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік мекеме-кәсіпорындар бар. Қазіргі кезде кәсіби медиаторлар, медиация кабинеттері, Билер кеңесі халыққа құқықтық көмек көрсетуде.

Медиация тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі болып табылады. «Медиация туралы» Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін реттейді.

Медиациялық келісімдер жасаған кезде судья татуластырушы тараптарға қойылған талаптардың шегінен шығу құқығын, жауапкердің қарсы шарттар қоюға мүмкіндігі бар екенін түсіндіреді, соңында өзара тиімді шарттар бойынша келісім жасалады. Қазақ халқы үшін бітімгершілік — билік айтудың ең озық өнегесі. Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» Заңның қабылдануы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды. Негізінен айтқанда бұл бабалар тағылымын, әдеп-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі. Оның тиімділігі мол.