Таразда «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымы ашылды
Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымының ашылу салтанаты өтті. Іс-шара аясында жастар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын ұйымдастырып, саябақты қоқыстардан тазартты.
«Өңірде «Жасыл ел» бағдарламасы табысты жүзеге асып келеді. Еңбек жасақтары студенттерді маусымдық жұмыспен қамтумен қатар, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға септігін тигізуде. Қатысушылар айналаны көгалдандыруға, спорттық кешендер мен өзен жағалауларын қалпына келтіруге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын тазартуға үлес қосуда», дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры А.Қадралиев.
Сонымен қатар, облыс орталығындағы Жібек Жолы ауданына қарасты №13 шағынауданында, «Қарахан» кесенесінің аумағында, Сарысу ауданы Жаңатас қаласының орталық саябағында және Мойынқұм ауданында тұрғындардың қатысуымен тазалық акциялары өткізілді.
Облыс бойынша наурыз айынан басталған көктемгі екі айлық абаттандыру жұмыстары аясында «Таза қала», «Таза кәсіп – таза аймақ», «Жасыл қала», «Болашақты бірге отырғызамыз», «Жер сағаты» және тағы басқа акциялары өткізілуде. Акция аясында 818 шақырым канал мен арық жүйелері, 125 мың тұрғын үй аулалары мен 4,5 мың шақырым көше тазаланып, 12 мың тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумақтары қоқыстардан тұрақты тазалануда. Бұл бағыттағы жұмысқа 910 бірлік техника жұмылдырылған.
Ағымдағы жылы егіу жоспарланған 195 мың талдың бүгінде 70 мыңға жуығы отырғызылып, 2,4 мың ағаш санитарлық бұталды.