Тапсырмалардың уақтылы орындалуы қатаң бақылауға алынады
Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың жетекшілігімен ауданда қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары және комиссия мүшелері қатысты.
Отырыс барысында Қордай аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Дармен Алимбаев баяндама жасап, лудомания мен алаяқтықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды жан-жақты баяндады. Дармен Алимбаев құқық бұзушылықтың бұл түрлері алаңдатарлық мәселе екендігін айта келе, құқық қорғау органдары халықпен тығыз жұмыс жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Қордай аудандық полиция бөлімі мен облыстық департаменттің, басқа да құзырлы органдардың құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында қандай келісімдер мен іс-шаралар жоспары бар екендігіне тоқталды. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жиі орын алуына алаңдаушылық білдірген Дамира Сүгірбай, бұл бағытта қандай нақты іс-шаралар қолға алынғанын анықтауға тырысты. Аталған тақырып аясында Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің өкілі сөз алып, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жөнінде баяндама жасады.
Сонымен қатар, жиында бұрын сотталғандардың қайта қылмыс жасауының алдын алу бағытындағы жұмыстар жайлы аудандық пробация қызметінің инспекторы Мырзабай Сұлтанов пен Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақсана Елеусізова баяндама жасады. Олар пробациялық бақылауда тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу, оларды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат берді.
Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырма жүктеп, олардың уақтылы жүзеге асуы қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.