Саланы дамыту жолдары талқыланды
Жақында ауылшаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мақсатында шаруа қожалықтарының иелерімен кездесу өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев төрағалық етіп, сала мамандары мен қаржы ұйымдарының өкілдері қатысып, ауыл кәсіпкерлеріне көрсетілетін қолдау шараларын түсіндірді.
Кездесу барысында ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен субсидиялау жүйесі туралы айтылды. Қаржы ұйымдарының өкілдері шаруаларға жеңілдетілген несие беру тетіктерін, екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру көздерін және ауылшаруашылығы техникасын лизингке алу шарттарын баяндады.
Шаруа қожалықтарының иелері өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Сонымен қатар, ауыл кәсіпкерлеріне қаржыландыру тетіктерін тиімді пайдалану бойынша кеңестер берілді.
Мұндай кездесулер ауылшаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді шешуге, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жергілікті шаруалар үшін бұл – кәсібін дамытуға тың серпін беретін маңызды бастама. Алдағы уақытта да осындай кездесулер өткізіліп, ауыл кәсіпкерлерін қолдау шаралары жалғасады.