Мойынқұм – құт мекенім

0 4

Мойынқұм ауданы облыс орталығынан шалғай жатқанымен, өнерден кенде емес. Мәселен, ауданның 60 жылдығына орай барлық ауылдарда концерт ұйымдастыру жоспарланған. Жақында Бірлік, Биназар және Айдарлы ауылдарында «Мойынқұм – құт мекенім» тақырыбында мерекелік іс-шаралар өтті.

Бірлік ауылында өткен концертке тұрғындар тегіс жиналды. Ауыл тұрғындарын бір арнаға тоғыстырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатындағы іс-шараға ауылдың өнерлі түлектері, Мәдениет саласының үздігі, Қырғыз елінің «Ұраным Манас» медалінің иегері, Түркия елінің «Alash Star» жарысына жеңімпаз шәкірттерді дайындаған ұстаз Бақытжамал Қосыбаева мен Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлегі, актер, вокалист, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының үздік актері Әнуар Уалиханұлы, облыстық филармония әншісі Дамира Мұзатова атсалысып, тұрғындар мен қонақтарға керемет көңіл-күй сыйлады.

Бұл күні ауыл халқы ұлттық ойындар, өнер кештері, қолөнер көрмелері мен түрлі спорттық жарыстарға қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Мәдени іс-шаралардың ішінде халық әндері мен би кештері ерекше қызығушылық тудырды. Мұндағы ерекше атап өтетін жайт, қолөнер шеберлері іс-шара барысында жиналғандар алдында еңбек етіп, ши тоқып, саздан түрлі құмыра, ыдыстар жасап, ат әбзелдерін дайындады. Іс-шара соңында сол мезетте орындалған туындылардың көрмесі көрермен назарына ұсынылды.

Биназар ауылынан түлеп ұшқан Бақытжан Қияш пен Расул Сейткенов сынды әншілер көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ауылдың түлектерінен Ержан Ыдырысов, Жәмилә Қасымханқызы, Сымбат Нұрманова сынды өнерпаздар мерекелік іс-шараның көркін қыздыра түсті. Айдарлылықтардың Жамбыл ата мен Биназар батыр туралы қойылымдары көрерменнің жүрегіне жол тауып, ерекше әсер сыйлады.

Ауыл күндері бір ғана мереке емес, ауыл тұрғындарының тарихы мен мәдениетіне деген қамқорлықтың, сондай-ақ елді мекендердің бірлігін арттырудың бірден-бір тәсілі. Барлық ауылдарда киіз үй тігіліп, қазақ халқының салт-дәстүрлері насихатталды. Осындай іс-шаралар ауыл тұрғындарының көңілін көтеріп қана қоймай, еліміздің мәдени өміріне жаңа леп әкеледі. Әр ауыл өз ерекшеліктерімен айшықталады, бірақ олардың барлығын біріктіретін – ортақ мақсат бар. Ол – туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік.