Мемлекетке 1,13 триллион теңгенің активтері қайтарылды

0 3

Мемлекет басшысы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады.

Президент Агенттіктің елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарып жатқан жұмысымен танысты. Мемлекет басшысына биылғы бірінші тоқсандағы ведомство қызметінің нәтижелері мен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру жөнінде баяндалды.

Асхат Жұмағалидың айтуынша, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қатысты 521 қылмыс тіркелген. Атап айтқанда, 257 лауазымды тұлға әшкереленді, олардың 141-і – әртүрлі деңгейдегі басшылар. Сотқа 366 қылмыстық іс жіберілді.

Президентке биыл мемлекет пайдасына 15 миллиард теңге өтелгені туралы мәлімет берілді. 2022 жылдан бастап жалпы сомасы 1,13 триллион теңге болатын активтер қайтарылған. Мемлекеттік сатып алу мен қаржының мақсатты пайдалануына мониторинг жүргізу барысында 21,2 миллиард теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Мемлекет басшысына туризм саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілгені, оның нәтижесі бойынша уәкілетті органға ұсынымдар енгізілгені жайында айтылды.

Агенттік төрағасы автокөлік жолдары құрылысында «ақшаны бояу» жобасын іске асыру жөнінде айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тұжырымдамаларына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы бастамалар таныстырылды. Әртүрлі форматтағы 3 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, оған 450 мыңнан астам азамат қатысты. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске асырылып жатыр. Агенттік еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының Академиялық адалдық лигасымен жұмысты қолға алды.

Президентке халықаралық ынтымақтастық, соның ішінде ЭЫДҰ және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобымен серіктестік жайында ақпарат берілді. Агенттік Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдар қауымдастығымен берік байланыс орнатқан және биылғы ақпан айында аталған ұйымның Атқару комитеті құрамына кірді.

Былтыр «Transparency international» сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне сай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан 40 балға ие болып, 180 елдің арасында 88-орынға тұрақтады.

Кездесу соңында Президент еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды одан әрі жалғастыру, тамыр жайған қылмыстық тізбектің жолын кесу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.