Ауылдастарын нан өнімдерімен қамтып отыр
Кәсіп бастаудың мол мүмкіндігін пайдаланып, өз ісін бастағандардың бірі – Шөңгер ауылының тұрғыны, көп балалы ана Риза Бекмурзина.
Ол 2024 жылы кәсіпкерлік курстан өтіп, бизнес-жоспарын сәтті қорғап, 1 миллион 476 800 теңге қайтарымсыз грант ұтып алған. Алынған қаражатын мақсатты түрде жұмсап, нан өнімдерін дайындауға қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, шағын цехын іске қосты. Бүгінде ауыл тұрғындарын балғын нанмен қамтып, өз кәсібін дөңгелетуде. Риза ханымның алдағы жоспары – өнім түрлерін көбейтіп, кәсібінің көкжиегін кеңейту.
Дәл осындай еңбекқор жандардың арқасында ауылда шағын кәсіпкерлік дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Шыны керек, сыныққа сылтау іздемей, біздің бүгінгі кейіпкеріміз секілді өз кәсібін дөңгелетіп отырған қарапайым жандарды көргенде жүрегің жылып сала береді.
– Кәсіп бастағаныма алты айдай уақыт болды. Басында «Әсел» пешпен пісіріп жүрдім. Шыны керек, көп уақыт кететін. Бір форманы салғанның өзіне 20 минут кетеді. Қазір нан, бөрек, бәліш (картоппен, қырыққабатпен), самса, әртүрлі салмалармен бөлішке пісіремін.
«Көп балалы аналарға грант береді» деген соң, құжаттарды апарып тапсырдым. Құдайға шүкір, жобамды сәтті қорғап, қайтарымсыз гранттың иегері атандым. Берілген қаражатқа тоңазытқыш, пеш, қамыр илегіш пен 10 таба алдым. Төрт табаны 15 минутта шығарып береді. Тапсырыс болғанда жұмысымды ертерек бастаймын. Пісірген өнімдерімді дүкендерге де апарып өткіземін. Үйде отырып, кәсіп жасауыма күйеуім, балаларым көмектеседі. Күніне 100-ден аса нан пісіремін. Өз кәсібім өзіме ұнайды – дейді Риза Бекмурзина.