Мьянмада 100 сағаттан кейін үйінді астынан адам құтқарылды
Мьянмадағы жойқын жер сілкінісінен кейін бес күн өткенде, ел астанасы Нейпьидодағы қонақүйдің үйінділері астынан 26 жастағы ер адам аман-есен құтқарылған. Бұл құтқару операциясын Мьянма мен Түркияның құтқарушылары бірлесіп жүзеге асырды.
Жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 2 700-ден асып, бұл көрсеткіштің 3 000-нан асуы мүмкін деп болжанған.
Айта кетейік, зілзаладан ең көп зардап шеккен аймақтар – Мандалай және Сагайн қалалары. Аман қалғандар көшеде түнеуге мәжбүр болған.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, қираған ғимараттардың астында қалған мәйіттердің жағымсыз иісі бүкіл апат аймағына таралған. Сонымен қатар, өңірде су, азық-түлік және дәрі-дәрмек жетіспеушілігі байқалған.
Құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, алайда уақыт өткен сайын тірі қалғандарды табу мүмкіндігі азайып келеді. Халықаралық ұйымдар мен жергілікті билік зардап шеккендерге қолдан келген көмекті көрсетіп жатыр.